Олар қай бөлімшелерге жіберіледі?
Қорғаныс министрлігі биыл жауынгерлік оқу-жаттығуға тартылатын 3 мың адамның Қарулы Күштер қатарындағы мәртебесі қандай болатынын айтты. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Жауынгерлік қызмет және әскерилердің мәртебесі туралы» 2012 жылғы 16 ақпандағы pаңның 5-бабының 1-тармағы бойынша, жауынгерлік оқу-жаттығуға тартылған азаматтардың әскери қызметші мәртебесі болады. Сәйкесінше ол тұлғаларға әскери қызметшілерге қойылатын талаптың бәрі қойылады», - делінген ведомство хабарламасында.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бұл жиынға әскери борышы бар, денсаулығы әскери қызметке жарамды адамдар ғана тартылады, сол сияқты олардың бәрі алдын ала медициналық тексеруден өтеді.
Сонымен қатар, Қорғаныс министрлігі 2024 жылы әскери оқу-жаттығуға шақырылатын 3 мың азаматтың қай бөлімшелерге жіберілетінін мәлімдеді.
«Жаттығу 2024 жылдың жазында 30 күн бойы мотоатқыштар, танк, артиллериялық бөлімшелерде, сондай-ақ жауынгерлік әрі техникалық қамтамасыз ету бөлімшелерінде өтеді», - деді министрлік.