Өткен жылы отбасылық жанжалға қатысты 100 мың өтініш түсті
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының 20 пайызы – ер адамдар. Бұл туралы ОКҚ брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
«Өткен жылы отбасылық жанжалға қатысты 100 мың өтініш түсті. Статистика көрсеткендей, зардап шеккендердің 80 пайызы – әйелдер, қалған 20 пайызы – ер адамдар», - деп жауап берді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының м. а. Ренат Зулхаиров.
Ішкі істер министрлігі полиция қызметкерлерінің зардап шеккендерге қатысты салғырттығымен қалай күреседі деген сауалға ол былай деп жауап берді:
«Ішкі істер министрлігінде есепке алу-тіркеу тәртібін бақылайтын арнайы комиссия жұмыс істейді. Ол әрбір хабарламаның Ішкі істер министрлігінде тіркелгенін және жауабының бар-жоғын тексеруі қажет. Өтініш берушілер әрбір өтініш үшін оларға хабарландыру қағазы берілетінін білуі керек, оны олар өтініштің өңделгенін тексеру үшін пайдалана алады. Жұмысында өтініштерді сапасыз қарауға жол берген қызметкерлерге қатысты барынша қатаң шаралар қолданылуда. Егер қызметкер өтінішті жасырған болса, онда бұл жағдайда қызметкердің үстінен қылмыстық іс қозғалады», — деді Ренат Вазирұлы.
Брифинг барысында ол тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты былтыр 1000-ға жуық азамат қылмыстық жауапқа тартылғанын мәлім еткен.