ТЖМ қолайсыз ауа райы кезіндегі қауіпсіздік ережесі туралы ескертеді
«Қазгидромет» РМК деректері бойынша 2024 жылғы 13-15 ақпан күндері еліміздің басым бөлігінде көктайғақ, боран, қалың қар, желдің күшеюі, тұман болуы мүмкін. Осыған байланысты ҚР ТЖМ әсіресе алыс жолға шығатындарға ескерту жасады, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Төтеншеліктер дауыл туралы ескертулер жариялаған кезде, әсіресе қараңғы уақытта алыс жерлерге сапарға шықпауды, жаяу жүрмеуді кеңес етті.
«Ауа райы жағдайы мен автожолдардағы көлік қозғалысының шектеулері туралы ақпаратты бақылаңыздар», - делінген хабарламада.
Сол сияқты қала ішінде де қауіпсіздік шаралары сақталуы керек екені ескертілді.
«Қатты жел болған жағдайда жақын маңдағы ғимаратта немесе қауіпсіз жерде жасырыну қажет. Ағаштардан, ілулі тұрған конструкциялардан, электр желілерінен және билбордтардан аулақ болыңыздар.
Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар. Қатты аяз техногендік өрттердің көбеюіне ықпал етуі мүмкін. Осыған байланысты біз жоғары қуатты электр құрылғыларын бір уақытта қосу арқылы пештерді қыздырмауға немесе электр желілерін шамадан тыс жүктемеуге кеңес береміз.
Автокөлік иелеріне ашық оттың көмегімен автомобильдерді жылыту қаупі туралы еске саламыз. Барлық оқиғалар туралы 112 немесе 101 телефондарына хабарласуыңызды сұраймыз», - делінген ҚР ТЖМ хабарламасында.