Астанада Орталық Азиядағы ең ірі робототехника чемпионаты өтеді

Қатысушылар арасында Гонконг, БАӘ, Түркия елдерінен келетін оқушылар бар

Sarbaz.kz редакторы
13/02/2024 - 18:50

Фото: hightech.fm

Фото: hightech.fm

Биыл ақпанның 23-25-і Астанада Central Asia FIRST Championship ресми чемпионаты өтеді. Оған әлемнің 10 елінен 3000-нан астам оқушы қатысады. Бұл туралы Sarbaz.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қатысушылар арасында көптеген мемлекеттерден командалар, оның ішінде Гонконг, БАӘ, Түркия елдерінен келетін оқушылар бар. Қазақстан намысын іріктеу чемпионаттары барысында квота алған 200 команда қорғайды.

«Мұндай көлемдегі робототехника бойынша чемпионат Қазақстанда алғаш рет өтеді. Өткен жылы чемпионатқа 1200-ге жуық оқушы қатысты, биыл қатысушылар саны 2,5 есе көп. Біз балаларымыз бәсекелестікті сезінуі үшін халықаралық мықты командаларды шақырдық», - деп бөлісті USTEM Foundation қорының негізін қалаушы Нұрдәулет Досмағамбет.

Мектеп оқушылары үш негізгі жас санаты бойынша бақ сынайды: FLL Explore (6-10 жас), FLL Challenge (10-16 жас) және FIRST Tech Challenge (12-18 жас). Чемпионатта Роботтар ойынынан басқа инновациялық жобалар байқауы мен төрешілер сессиялары қамтылады.

Central Asia FIRST Championship жеңімпаздарының халықаралық жарыстарға қатысуға лицензиялар, бағалы сыйлықтар және қазақстандық әрі шетелдік жоғары оқу орындарына гранттар алуға мүмкіндіктері болады.

Ұйымдастырушылар: ҚР Оқу-ағарту министрлігінің жан-жақты қолдауымен USTEM Foundation және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91