Бас консул ресейліктер Қазақстанға келгеннен кейін қиындықтарға тап болғанын айтты
Қазақстанға 2022 жылы келген 400 мың ресейліктің 80 мыңға жуығы қалды. Бұл мәліметтерді Алматыдағы Ресей Федерациясының Бас консулы Дмитрий Тураев ТАСС агенттігіне берген сұхбатында келтірді, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
«Қазақстан Республикасының құзырлы органдарының бағалауы бойынша, Ресейде мобилизация басталғаннан кейін 400 мыңға жуық ресейлік келген. Ал 2023 жылдың соңына таман олардың 50-80 мыңдайы ғана қалған», - деді консул.
Оның айтуынша, ресейліктердің Қазақстаннан кетуі «олардың белгілі бір қиындықтарға тап болғанын көрсетеді». Оның ішінде жұмыс берушілердің мемлекеттік тілді білу талабын, көші-қон режимінің күшеюін, жылжымайтын мүлік бағасының өсуін атады.
Қазақстан 2023 жылдың қаңтарында шетелдіктердің, оның ішінде ресейліктердің келу және елде болу ережелерін күшейтті. Республикада ішкі төлқұжат арқылы тұрақты тұруға рұқсат беруге де тыйым салынды.