Елімізде бес күнде 144 кг есірткі тәркіленді

258 құқық бұзушылықтың жолы кесілді

Sarbaz.kz редакторы
12/02/2024 - 21:17

Фото: freepik.com

Фото: freepik.com

Ішкі істер органдары өткізген «Тосқауыл» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 4 есірткі зертханасы анықталып, жойылды. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

«Тосқауыл» операциясының шеңберінде көші-қон полициясының қызметкерлерімен бірлесіп күн сайын шетелдік азаматтар және олардың тұратын жерлеріне тексерістер жүргізілді. Операция басынан бері көші-қон заңнамасын бұзудың 1321 дерегі анықталды, 218 құқықбұзушы елден шығарылды. Қызметтік-іздестіру иттерін қолданумен көлік объектілеріне, автокөлік құралдарына, багажға, пошталық бөлімшелерге және басқа да нысандарға тексеру жүргізілді. Олардың көмегімен 33 есірткі қылмысы ашылды. Қару-жарақты заңсыз сақтаудың 31 фактісі анықталды», – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов.

Операцияның қорытындысы бойынша барлығы 258 құқық бұзушылықтың жолы кесілді, олардың ішінде есірткі өткізудің 58 фактісі, аса ірі көлемде сақтаудың 40 фактісі және есірткі контрабандасының 7 фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан 144 кг жуық түрлі есірткі заттары, оның ішінде 30 кг синтетика, 110 кг марихуана, 3 кг гашиш және 800 грамм трамадол тәркіленді. Ішкі істер министрлігімен осы бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.

Тегтер

×

Редакция

$ 479.23  534.96  5.16