Қырғызстан президенті АҚШ-тың мемхатшысына: Ішкі мәселемізге араласпаңыз

Блинкен Қырғыз парламентінің қарауындағы заң жобасына алаңдаушылық білдірді

Sarbaz.kz редакторы
12/02/2024 - 18:57

Фото: la.kg

Фото: la.kg

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенге жолдаған жауап хатында республиканың ішкі істеріне араласпауға шақырды. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Аскат Алагозов Facebook парақшасында жариялады, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Оның айтуынша, Блинкен осыған дейін Жапаровқа хат жолдап, онда ол Қырғыз парламентінің қарауындағы «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» («шетел агенттері туралы») заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасына алаңдаушылық білдірген.

Өткен жұмада Қырғызстан сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев АҚШ-тың Бішкектегі елшісі Лесли Вигериге президенттің Энтони Блинкенге жолдаған жауап хатын тапсырды.

«Сіздің хатыңызда мемлекетіміздің ішкі істеріне араласу белгілері бар екенін өкінішпен атап өтуге мәжбүрмін», - делінген Жапаровтың жолдау мәтінінде.

Президенттің айтуынша, Қырғызстан парламентінде қаралып жатқан заң жобасы халықаралық нормаларға қайшы келмейді, ал оның тұжырымдамасы 1938 жылы АҚШ-та қабылданған қолданыстағы «Шетелдік агенттерді тіркеу туралы» заңның (Foreign AgentsRegistration Act, FARA) тұжырымдамасына жақын.

Жапаров Қырғызстанда 10 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым бар екенін атап өтті. Олардың көпшілігі елде «абыройлы, адал» жұмыс істейді. Олардың кейбірі ғана «шетел агенттері туралы» жаңа заңды теріс қабылдады.

«Заң жобалары ЕО-ға мүше мемлекеттер мен Америка Құрама Штаттарының салық төлеушілері қаржыландыратын бірқатар БАҚ пен ҮЕҰ тарапынан наразылық тудырды. Себебі, олардың жұмысы көлеңкелі, сол себепті мемлекеттің бақылауынан қорқады», - деді ол.

Қырғызстан басшысы Блинкен заң жобасына қатысты өз алаңдаушылығын «елде жұмыс істейтін жекелеген үкіметтік емес/коммерциялық емес ұйымдардан алынған дұрыс емес ақпарат негізінде» бөлісті деген пікірін білдірді.

«Соңғы 30 жылда елімізде шетелден қаржы алатын үкіметтік емес/коммерциялық емес ұйымдар пайда болды. Қырғыз қоғамында олар «грант жегіштер» деп аталады. Ал басшылары шын мәнінде оларды «отбасылық кәсіпорындарға» айналдырып, шетелдік демеушілерден түсетін ақшаны «қиюмен» айналысты», - деп жазды ол.

Жапаров қырғыз тарапы мұндай ұйымдардың әрекеті туралы барлық қажетті ақпаратты АҚШ-қа беруге дайын екенін айтты. Сол сияқты ол АҚШ-тың үкіметтік ұйымдары қаржыландыратын үкіметтік емес/коммерциялық емес ұйымдардың қаражатты пайдалануына аудит жүргізуді ұсынды.

«Құрметті Мемлекеттік хатшы мырза, менің жоғарыда аталған түсініктемелерім мен кепілдіктерімнен кейін «кейбір америкалық іске асырушы серіктестердің» Қырғыз Республикасындағы қызметін жалғастыруы туралы қаупіңізді сейілтесіз деп үміттенемін», - деді Жапаров.

Сөзінің соңында Қырғызстан президенті АҚШ-тың мемхатшысын Бішкекке келіп, «Қырғызстандағы адам құқықтары мен бостандықтары Қырғыз Республикасының конституциясы мен заңдары арқылы сенімді түрде қорғалатынын өз көзімен көруге» шақырды.

«Қырғызстанда сіз әрқашан сенімді достар табатыныңызға сенімдімін. Сондай-ақ біз тең құқылы ынтымақтастықты жақтайтынымызды және барлық елдермен және халықаралық серіктестермен, соның ішінде АҚШ-пен бірге жұмыс істеуге дайын екенімізді атап өткім келеді. Менің жалғыз өтінішім – еліміздің ішкі мәселесіне араласпау», - деп қорытындылады Жапаров.

Айта кетейік, Қырғыз парламентінде қаралып жатқан ҮЕҰ және коммерциялық емес ұйымдардың қызметі туралы заңда шетелден қаржыландырылатын және саяси қызметпен айналысатын ұйымдарға «шетелдік өкіл» мәртебесін енгізу мәселесі қарастырылады.

×

Редакция

$ 471.83  505.66  5.4