Израиль Газаның тағы бір қаласын атқылады: 100 адам қаза болды

Рафахтың әртүрлі бөліктеріндегі 14 үй мен үш мешіт қираған

Sarbaz.kz редакторы
12/02/2024 - 17:59

Фото: РИА Новости / Тарек Альян

Фото: РИА Новости / Тарек Альян

Израильдің әуе күштері Газа секторының оңтүстігіндегі Рафах қаласына соққылар жасады. Салдарынан анклавтың кем дегенде 100 тұрғыны қаза тауып, 230-дан астамы жараланды. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Al Mayadeen телеарнасы сілтеме жасап хабарлайды.

Телеарна мәліметінше, Израиль Рафах қаласына 50-ден астам әуе шабуылын жасаған. Салдарынан Рафахтың әртүрлі бөліктеріндегі 14 үй мен үш мешіт қираған.

Палестина ақпарат құралдары өз кезегінде Израиль әскерилерінің Рафахтағы Ибн лагеріндегі әл-Худа мешітіне, сондай-ақ газалықтар паналаған әл-Рахма мешітіне соққы жасаған.

Осыған дейін Израиль қорғаныс күштері дүйсенбі күні таңертең Рафах қаласының орталығында орналасқан Аш-Шабура аймағында бірнеше соққы жасағанын хабарлады.

«Израиль қорғаныс күштері Газа секторының оңтүстігіндегі Аш-Шабура аймағында орналасқан нысандарға соққы жасады. Соққылар аяқталды», - делінген Израиль әскерилерінің әлеуметтік желілердегі мәлімдемесінде.

Бұдан бөлек, Израиль қауіпсіздік агенттігі кепілге алынған екі адам – Фернандо Саймон Марман (60 жаста) мен Луи Хар (70 жаста) құтқарылғанын хабарлады.

«Екеуінің де жағдайы жақсы, медициналық тексеруге жіберілді», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, Рафах қаласы Египетпен шекарада орналасқан. Египет билігі Израиль күштері бұл қалаға шабуыл жасаса, 1978 жылы жасалған бейбіт келісім үзілетінін хабарлаған болатын.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91