Найзағай жарқылынан 498 өрт болған
Былтыр елімізде жалпы көлемі 116 мың 800 гектар жерді құрайтын 810 орман өрті болды. Оның ішінде орманмен көмкерілген алқап – 61,1 мың гектар. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Мәжілісте өткен Үкімет сағатында мәлім етті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Министр сөз басында орман өрттерінің себебіне тоқталып өтті. Айтуынша найзағай жарқылынан 498 өрт тіркелсе, ауыл шаруашылығы жерлерінен шарпыған оқиға саны – 87, жеке және заңды тұлғалардың кінәсінен – 31, анықталмаған себептерден – 194.
«Соңғы жылдары орман өрттерінің көбейіп кетуі дүниежүзілік климаттың өзгеруіне тікелей байланысты. Әсіресе Азия жерінде климат 4 градусқа жылдам жылып жатыр. Бұл құбылыс туралы өткен жылдың желтоқсанында Дубайда өткен климаттық өзгеру жөніндегі конференцияда айтылды», - дейді Экология министрі.
Ол өз сөзінде былтыр Абай облысындағы орман қорының аумағында екі ірі өрт тіркелгенін, олар Ертіс өңірі орманының 61,5 мың гектар жерін шарпығанын айтты.