Ол 51,6% дауыс жинады
Финляндияның жаңа президенті болып бұрынғы премьер-министр және орталық оңшыл ұлттық коалициялық партияның кандидаты Александр Стубб сайланды. 1 наурызда ол Саули Ниинистёнің орнын басады. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Euronews агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Финляндияның бұрынғы премьер-министрі Александр Стубб президенттік сайлаудың екінші турында жеңіске жетті.
Дауыстардың 100%-ы саналып болғаннан кейін орталық оңшыл ұлттық коалициялық партияның кандидаты 51,6% дауыс жинады. Оның бәсекелесі, жасылдар партиясы қолдайтын бұрынғы сыртқы істер министрі Пекка Хаависто 48,4% жинады.
Айта кетерлігі, Финляндияның еуропалық елдерден айырмашылығы – президент атқарушы билікке ие, бас қолбасшы болып саналады және елдің сыртқы саясатына әсер етеді. Ал мемлекеттің ішкі мәселелерін үкімет пен премьер-министр басқарады.
«Жаңа дәуір ашылып жатыр. Мен Финляндияның алдағы бірнеше жылда әлемдегі ең қолайлы елдердің бірі болатынына сенімдімін», - деді Александр Стубб Хельсинкидің НАТО-ға жуырда қосылуы туралы.
Инаугурация 1 наурызға жоспарланған.