Бүгінге дейін Газаның 28 мыңнан астам тұрғыны қаза тапты
Египет билігі Израиль әскері Палестинамен шекарада орналасқан Рафах қаласына кірсе, Кэмп-Дэвид келісімін тоқтататынын мәлімдеді. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Euronews агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Газа секторында ХАМАС пен Израиль әскері арасында қанды қақтығыс жүріп жатыр. Ал Палестина халқының жартысынан астамы Газаның оңтүстігіндегі Рафах қаласын паналап отыр.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ХАМАС-қа қарсы соғыста жеңіске жету үшін Рафах қаласына Израиль әскерін кіргізу қажет деп мәлімдеген болатын. Өз кезегінде Каир мұндай жағдай болса, Израильмен 1978 жылы жасалған Кэмп-Дэвид келісімін тоқтататынын хабарлады.
Египет ХАМАС пен Израиль соғысы гуманитарлық көмек жолының жабылуына әкеліп, салдарынан жүз мыңдаған палестиналық босқын шекараны бұзып өтуге тырысады деп үрейленіп отыр.
Ал ХАМАС болса, Рафах қаласына шабуыл жасалар болса, кепілге алынғандарды босату жөніндегі келіссөздер тоқтатылады деп мәлімдеді.
Дегенмен Израиль мен ХАМАС арасындағы шайқас оңтүстікке қарай жылжып барады. Тель-Авивтің хабарлауынша, соңғы апталарда Хан Юнис қаласында ХАМАС-тың 100-ге жуық мүшесі өлтірілді.
Газа секторының денсаулық сақтау министрлігі Израильдің шабуылдарынан бүгінге дейін анклавтың 28 мыңнан астам тұрғыны қаза тапқанын хабарлады.
Айта кетейік, 1978 жылы Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында Египет пен Израиль арасында Кэмп-Дэвид келісімі жасалған болатын.