Жас патриоттар тәрбиесі – ел болашағының негізі
Атырау облысы Жаңаталап кентіндегі "Сармат" мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында 135 оқушы "Жас сарбаз" республикалық әскери-патриоттық қозғалысының қатарына қосылды, деп хабарлайды Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осыған орай өткен салтанатты іс-шараға Атырау облысы Білім басқармасының басшысы Ерлан Сламбеков, "Батыс" өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Елдос Бозғұлов, қалалық мәслихат депутаты Әнуарбек Батаев, Атырау ауылдық округінің әкімі Нұрлан Халмурзин, Ұлттық ұлан, ҰҚК Шекара қызметінің, облыстық полиция, төтенше жағдайлар департаменттерінің өкілдері, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері, Қарулы күштердің және Ауған соғысының ардагерлері қатысты.
7-9 сынып оқушылары жауапты, әрі әділ болуға, жақсы оқуға және өздеріне жүктелген сенімді ақтауға салтанатты түрде ант берді. Жассарбазшыларды Қарулы күштер Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары – Тәрбие және идеологиялық жұмыс басқармасының бастығы полковник Ермиян Бятов құттықтады.
Сіздерді бүгінгі айтулы оқиға – жас сарбаз қатарына қосылып, ант берулеріңмен шын жүректен құттықтаймын. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – қасиетті қазақ жері, Тәуелсіз Қазақстан. Оның егемендігін сақтау – әр азаматтың міндеті. Баршаңызға еліміздің өркендеуі жолында табыс тілеймін, – деді ол.
Айта кету керек, "Сармат" мектебі білім берудің жоғары деңгейіне, эрудицияны дамытуға, азаматтық парыз сезімін қалыптастыруға, жасөспірімдерге батылдық, төзімділік және мақсатқа жетудегі табандылық сияқты қасиеттерді сіңіруге бағытталған.
Лицейде хореография, хор, домбыра, бейнелеу өнері және өлкетану секілді қосымша сабақтар ұйымдастырылады. Шахмат, теннис, бокс, дзюдо, джиу-джитсу, еркін күрес, футбол, баскетбол және волейбол секциялары жұмыс істейді.
Оқу орнының директоры Нұрлан Елеуовтың айтуынша, мектеп әскери бөлімдермен, ішкі істер, төтенше жағдайлар департаменттерімен, "Қарулы Күштердің ардагерлері" РҚБ облыстық филиалымен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасауды жоспарлап отыр. Ардагерлермен және әртүрлі кәсіп өкілдерімен қарым-қатынас оқушыларға мамандық таңдауды анықтауға мүмкіндік береді. Жас сарбазшылардың патриоттық тәрбиесі мен жеке өсуіне оң ықпал етеді.