«Отбасым үшін алаңдаймын»: Израильді геноцид жасады деп айыптаған ОАР басшысы қысымға ұшырады

Гаагадағы сот Израильге геноцидтің алдын алу шараларын қабылдауды міндеттеген болатын

Sarbaz.kz редакторы
09/02/2024 - 22:54

Фото: РИА Новости

Фото: РИА Новости

Оңтүстік Африканың сыртқы істер министрі Наледи Пандор Израильдің Газа секторындағы әрекетіне байланысты халықаралық сотқа шағым түсіріп, олардың барлау қызметін айыптағаннан кейін өзіне және отбасына қоқан-лоққы жасалғанын айтты. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Mail&Guardian басылымына сілтеме жасап хабарлады.

«Бізде қосымша күзе болса жақсы болар еді деп ойлаймын. Бірақ бәрінен бұрын отбасым үшін алаңдаймын, өйткені әлеуметтік желідегі кейбір жазбаларда менің балаларым туралы және т.б. айтылған, бірақ бұл қалыпты нәрсе», - деді Наледи Пандор.

Оның айтуынша, «израильдік агенттер, барлау қызметтері» әдейі «бізді қорқытатын» әрекет жасайды. Ол мұны Израильдің Газа секторындағы шабуылына байланысты Оңтүстік Африканың Халықаралық сотқа берген шағымымен байланыстырды.

Оңтүстік Африка сыртқы істер министрлігінің басшысы түрлі қауіптерге байланысты өзінің және отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін күшейтуге шақырды. Басылымның жазуынша, Оңтүстік Африка Республикасы соттағы процестің келесі раундына дайындықты жалғастырады.

Айта кетейік, 2023 жылы 29 желтоқсанда Оңтүстік Африка Газа секторындағы жағдайға байланысты Гаагадағы Халықаралық сотқа геноцид туралы конвенция бойынша Израильге қарсы шағым түсірген. Оңтүстік Африка Израильдің әрекетін геноцид деп санайды.

Ал Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху геноцид туралы айыптауларды орынсыз деп санайтынын айтты.

Гаагадағы сот Израильге геноцидтің алдын алу шараларын қабылдауды міндеттеген болатын.

Тегтер

×

Редакция

$ 476.27  515.47  5.41