Зеленский Украинаның бас қолбасшысы Залужныйды қызметінен босатты

Оның орнына генерал-полковник Александр Сырскийді тағайындады

Sarbaz.kz редакторы
09/02/2024 - 16:53

Фото: BBC

Фото: BBC

Украина президенті Владимир Зеленский Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужныйды қызметінен босатып, оның орнына шығыс майдандағы Украина әскерлері тобының қолбасшысы генерал-полковник Александр Сырскийді тағайындады. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі BBC агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Бүгіннен бастап Украина Қарулы Күштерін жаңа команда басқарады. Мен генерал-полковник Сырскийді Украина Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы етіп тағайындадым», - деп мәлімдеді Зеленский видео үндеуінде.

Зеленский өз сөзінде Сырскийді «ең тәжірибелі украиндық қолбасшы» деп атады және оның соғыстың басында Киевті сәтті қорғағанын, содан кейін 2022 жылдың күзінде Харьков облысында сәтті шабуыл жасағанын еске алды.

«Мен генерал Залужныйға алғыс айтамын. Бүгін біз армияға өзгерістер қажет екені туралы ашық сөйлестік. Мен генерал Залужныйға Украина мемлекетінің командасымен бірге болуды ұсындым. Оның келісім бергені үшін ризамын», - деді Зеленский Залужныймен кездесуі туралы.

Украинада БАҚ соңғы бірнеше аптадан бері президент Владимир Зеленскийдің Валерий Залужныйды қызметінен босататыны туралы жазып келді.

Өткен жылдың соңында БАҚ беттері Украина президенті Владимир Зеленский мен Валерий Залужный арасындағы дау туралы хабарлады.

Валерий Залужный Ресей шабуылын тоқтатып, басып алған аумақтың бір бөлігін қайтарғаны себепті қазір Украинадағы ең танымал тұлғалардың бірі.

Батыстық БАҚ-тың хабарлауынша, Зеленский Залужныйдың танымалдылығының артуына және оның сұхбаттарына ашуланды, онда ол майданда тығырыққа тіреліп, позициялық соғысқа көшкенін мәлімдеген.

Өз кезегінде Украина үкіметінің өкілдері мұндай қақтығыс болып жатқанын жоққа шығарды.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91