1995 жылы Қазақстанда 624 дана Т-62 және Т-72 жауынгерлік танк болды
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ең маңызды және күрделі процестердің бірі – кеңес армиясының қару-жарағы бөлініске түсті. Осылайша орталық кеңес өкіметінің бақылауында болған орасан зор әскери арсенал бөлінді. Қару-жарақ бөлудің негізгі аспектілерінің бірі – әсіресе Украина, Қазақстан және Беларусь арасында ядролық қаруды тарату болды. Сол тұста бұл республикалар ядролық әлеуеттің айтарлықтай көлеміне ие еді, өйткені олардың аумағында стратегиялық маңызды ядролық базалар мен кешендер орналасқан. Sarbaz.kz тілшісі кеңес армиясының қару-жарағы қалай бөлінгенін, Қазақстан қандай әскери техникаларға ие болғанын және бүгінгі ел әскерінде қандай техникалар бар екеніне шолу жасады.
КСРО ыдырағаннан кейін келіссөздер мен дипломатиялық күш-жігердің нәтижесінде ядролық қарудың басым бөлігі Ресей Федерациясына берілді. Қалған республикалар, оның ішінде Қазақстан, Украина және Беларусь 1994 жылғы Будапешт меморандумына қол қойды. Оған сәйкес олар өз аумағында қалған ядролық қарудан бас тартты және Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылды.
Сонымен қатар, қаруды бөлу кезінде қалған әскери техникалар, сол сияқты әскери базалар мен нысандар қайта жасақталды. Оған әскери бөлімдерді көшіру, инфрақұрылымды бейімдеу және ресурстарды қайта бөлу кіреді.
Кеңес әскерінің қару-жарағын бөлу жоғары деңгейде үйлестіруді және дипломатиялық күш-жігерді қажет ететін күрделі процесс болды. Оның нәтижесі жаңа тәуелсіз мемлекеттердің қарулы күштерінің стратегиялық басымдықтары мен құрылымын айқындау үшін маңызды еді.
Айта кету керек, Орталық Азияның әскери округі ешқашан әскери қимылдардың алаңы болған емес. КСРО Қытайды қауіп деп санағанымен, оған қарсы әскери қимылдардың тактикасы ретінде Қазақстан жерінде зымыран дивизияларын орналастырумен шектелді.
КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі қуаттылығы жағынан үшінші мемлекетке айналғанымен, көбіне ескі қару-жарақтарға ғана ие болды. Дегенмен, тәуелсіздіктің таңында Қазақстан үшін бұл айтарлықтай әскери әлеует еді.
Sarbaz.kz тілшісі Military Balance мәліметтеріне сүйене отырып, Қазақстанда болған 1995 және 2023 жылдардағы техника көлемін салыстырды.
Әскери техника
1995 жылы Қазақстанда 624 дана Т-62 және Т-72 жауынгерлік танк болды, сонымен қатар 470 әскери көлік сақтауда тұрды. Ал 2023 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде 350 дана Т-72В танкі бар.
Фото: dzen.ru; Т-72KZ
Айта кетейік, 2012 жылы Т-72KZ техникасының қазақстандық модификациясы ұсынылған болатын. Отандық танк Қазақстан, Украина және Израиль компанияларының бірлесіп әзірлеуімен жасалған. Бұл танк резервуар тепловизормен, навигациялық жүйемен және Израильде жасалған қорғаныс жүйесімен жабдықталады деп болжанған. Алайда, танк сол қалпы пайдалануға берілмеді.
1995 жылы жаяу әскерге 1200 машина қызмет етті, тағы 1000 машина консервацияда болды. Олардың қатарында БМП-1, БМП-2, БТР-70, БТР-80, МТ-ЛБ болды. Бір қызығы, 30 жылға жуық уақыт ішінде жаяу әскерге тиесілі машиналар саны қалған техникалар сияқты айтарлықтай азайған жоқ. Қазір 873 машина бар. Олар: БРДМ-2 (40), БМП (3), БРМ-1 (60), БМП-2 (280), БТР-80А (70), БТР-82А (63), МТ-ЛБ (50), БТР-3Е және БТР-80 (152). Сол сияқты 138 отандық «Арлан» және 20-ға жуық түркиялық «Кобра» және Sandcat бар.
Қазақстандағы артиллерия қатты қысқарды, әсіресе сүйретілетін түрлері. Себебі, сүйретілетін артиллерия өздігінен жүретін артиллерияның қарқынды дамуы аясында өзектілігін жоғалтты. Мәселен, 1995 жылы калибрлері 100 мм-ден 152 мм-ге дейінгі 1000-ға жуық сүйретілген артиллериялық зеңбірек қызмет етті. Дегенмен Қазақстанда артиллерияның бұл түрі әлі де аз емес, калибрі 122 мм және 152 мм зеңбіректердің 194 данасы бар.
Сарышағандағы консервацияланған артиллерия қатары. Фото: Google
1995 жылы өздігінен жүретін артиллерияның 200 данасы 152 мм «Акация» және 122 мм «Гвоздник» зеңбіректері түрінде ұсынылды. 2023 жылға қарай 126 көлік қалады: 66 «Гвоздик» және 60 «Акация». Қазақстан Израильмен бірге өзінің артиллериялық жүйелерін құрмақ болды, бірақ сыбайлас жемқорлық дауы мен техникалық талаптарға сәйкес келмеуінен жоба тоқтап қалды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары зымыран артиллериясы дамыған жоқ. Ескірген 122 мм БМ-21 және 220 мм «Ураган» техникаларының 350 машинасы болды. Бүгінде Қазақстанда 89 РСЗО – 80 122 мм БМ-21 «Град», 3 220 мм ТОС-1 «Солнцепек» және 6 300 мм «Торнадо» бар.
Данияр Ищанов