Израиль ХАМАС-тың соғысты тоқтату туралы ұсынысынан бас тартты

Қақтығыс салдарынан 27,5 мыңға жуық палестиналық қаза болды

Sarbaz.kz редакторы
08/02/2024 - 17:27

Фото: Anadolu

Фото: Anadolu

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ХАМАС-тың Газа секторындағы атысты тоқтату туралы ұсынысынан бас тартты. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі BBC агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Биньямин Нетаньяху ХАМАС-ты бірер айда жеңетінін мәлімдеді.

«Біз жеңіске жақындап қалдық. Бұл бірнеше жылға немесе онжылдыққа созылатын мәселе емес, бұл санаулы айдың шаруасы», - деді ол баспасөз мәслихатында.

Ол сондай-ақ соғыс аймағындағы үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған жүздеген мың палестиналық паналаған Газаның оңтүстігіндегі Рафах қаласына шабуыл жасауға бұйрық берді.

ХАМАС соғыс қимылдарын үш кезең бойынша 135 күнге тоқтатуды талап етті.

  • Аталмыш ұйым 45 күнге созылған бірінші кезеңде Израиль түрмелерінде қамауда отырған палестиналық әйелдер мен жасөспірімдерге айырбас ретінде кепілге алынған барлық израильдік әйелді, 19 жасқа толмаған жасөспірімдерді, қарттар мен науқастарды босатуды ұсынды. Талап бойынша Израиль әскері де осы кезеңде Газаның елді мекендерін тастап шығуы керек, сол сияқты ауруханалар мен босқындар лагерлерін қалпына келтіру басталуы керек қажет;
  • Екінші кезеңде кепілде отырған қалған израильдік ер адамдарды палестиналық тұтқындарға ауыстыру ұсынылды, сондай-ақ Израиль әскері Газадан толығымен шығуы тиіс;
  • Қалған 45 күнде екі тараптан да қаза тапқандардың сүйегін айырбастау жоспарланған болатын.

ХАМАС-тың айтуынша, талап бойынша Газаға азық-түлік пен басқа да гуманитарлық көмектер артуы тиіс.

Өткен жылдың қараша айындағы бітімгершілік кезінде Израильдің 100-ге азаматы 240 палестиналық тұтқынға айырбасталған. Ал ХАМАС-тың бұл жолғы талаптарын АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі салқын қабылдады.

Өз кезегінде Нетаньяху ХАМАС-тың ұсыныстарын орынсыз деп атап, бұл бітім тек кепілге алынғандарды босатуға әкеліп соқпайтынын, қайта соғыс оты мүлдем күшеюі мүмкін екенін айтты.

Елдің қорғаныс министрі Йоав Галант та Таяу Шығысты аралап жүрген АҚШ-тың мемхатшысы Энтони Блинкенге ХАМАС шарттары қабылданбайтынын айтты.

Энтони Блинкен Биньямин Нетаньяхумен және оның министрлер кабинетінің мүшелерімен өткен келіссөздердің қорытындысынан кейін мынадай пікір білдірді:

«Алда көп жұмыс істеу керек. Кепілге алынғандарды босату процесін қайта жалғастыра аламыз деп үміттенеміз», - деді.

BBC-дің хабарлауынша, келіссөздердің жаңа раунды бейсенбі күні Каирде басталады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Израильдің миллионнан астам халқы бар Рафах қаласына соғыс бастау жоспарына қатты алаңдаушылық білдірді.

«Бұл жоспар аймақтағы онсызда нашар жағдайды қиындатып жібереді. Атысты тоқтатып, кепілге алынғандарды босататын уақыт келді», - деді ол.

Айта кетейік, ХАМАС пен Израиль арасындағы қақтығыс 2023 жылдың 7 қазаны күні басталған. Бүгінге дейін қақтығыс салдарынан 27,5 мыңға жуық палестиналық қаза болды.

Қазақстан Палестинаға алғашқыда 1 млн доллар көлемінде көмек берген болатын. Кейінірек қосымша 38 тоннадан аса гуманитарлық көмек жіберілетіні хабарланған. Сол сияқты Газа секторынан эвакуацияланған қазақстандықтар отбасыларымен бірге Алматыға жеткізілген болатын.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91