Қорқынышты жеңу: арнайы жасақ ардагерлері тәжірибесімен бөлісті

Арнайы жасақ ардагерлері мен десантшылар бас қосты

Sarbaz.kz редакторы
07/02/2024 - 15:30

Фото: Қорғаныс министрлігі

Фото: Қорғаныс министрлігі

Алматыда Қазақстан Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен Қазақстан киноиндустриясының өкілдері ұйымдастырған «Ерлік күні» республикалық бірлескен әскери-патриоттық акциясы өтіп жатыр. Бұл туралы Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Аталған кездесудің бастамашысы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің (IITU) басшылығы болды. Шараға білім ордасының әскери кафедрасында «киберқауіпсіздік», «авиация пункттерінен авиацияның ұшуын жауынгерлік басқару», «ұшқышсыз басқарылатын құрылғылар бөлімшелері мен бөлімдерін жауынгерлік қолдану», «қаржылық қамтамасыз ету» және т. б. мамандықтар бойынша оқитын екі жүзден астам студент қатысты.

«Әскери кафедра жұмыс істеген бес жыл ішінде запастағы полковник Евгений Строковтың жетекшілігімен офицерлерді даярлау бағдарламасы бойынша 528 студент және сержанттар құрамын даярлау бағдарламасы бойынша 138 студент толық оқу курсынан өтті.

Жиын барысында университеттің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Дәурен Дүйсебаев сөз сөйледі. Ол әскери-патриоттық тәрбие – мемлекеттің маңызды міндеті екенін атап өтті. Бұл процесте кино өнерінің де атқаратын рөлі зор деді.

2023 жылдың соңында үлкен экранға шыққан «Бүркіт» көркем фильмі Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген. Онда көптеген көріністерге шынайы оқиғалар арқау болды. Фильмде жауынгерлік достық, Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы бөлімшесі әскери қызметшілерінің күрең берет тағу құқығына біліктілік емтиханын тапсыру кезіндегі іс-қимылдары және әскери борышты орындау кезінде жанқиярлығы айқын көрсетілді.

Фильмнен соң Десанттық-шабуылдау әскерлері мен Ұлттық ұлан өкілдері Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда келісімшарт бойынша қызмет атқару ережелері туралы айтты. Олар студенттерді әскери қызметшілердің әлеуметтік пакетімен, ақшалай жәрдемақы мөлшерімен және басқа да тиісті төлемдермен, сондай-ақ әскерге шақыру үшін үміткерлерге қойылатын талаптармен таныстырды», - делінген министрлік хабарламасында.

Студенттер әскери қызметтің ертеңіне қатты қызығушылық танытты, көпшілігі әскери борышты өткеру міндет екенін түсінді. Қорқынышты жеңу төңірегінде қызық пікірталас болды. Оған фильмнің продюсері, «Бүркіт» арнайы бөлімшесінің бұрынғы командирі «Айбын» орденінің иегері запастағы полковник Камал Жақсылықов жауап берді.

«Қорқыныш әрбір адамға тән қалыпты жағдай. Ол өзін-өзі сақтау сезімімен және өмір сүру инстинктімен қатар жүреді. Қорқыныш сезінбейтін адамдар өзіне сенімді, абайсыз болады. Ал бұл іс-қимыл кезінде өте қауіпті, себебі бұл жеке құрамның шығынын көбейтеді. Тағы бір нәрсе – қорқынышты жеңу, өз міндетіңізді орындау. Қорқынышты қабылдау – оны жеңудің алғашқы қадамы. Бұл алаңдатарлық ойларды ұтымды ойларға ауыстыруға және жауынгерлік тапсырмаға шоғырландыруға ықпал етеді», – деді студенттермен әңгімесінде запастағы полковник Камал Жақсылықов.

Өз кезегінде Десанттық-шабуылдау әскерлерінің психологы майор Бауыржан Әлжанов әскери психологияда ментальды гимнастиканың көмегімен қиын жағдайларда қорқыныштан арылып, оны психологиялық ресурсқа айналдыруға көмектесетін арнайы әдіс бар екенін айтты.

Іс-шара осындай әскери-патриоттық іс-шараларды тұрақты түрде өткізу туралы көпшіліктің шешімімен және студенттердің қошеметімен аяқталды.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91