Қасым-Жомарт Тоқаев: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаппай күресу қажет

Сыбайлас жемқорлық – экономиканы дамытуға тосқауыл болатын фактор

Sarbaz.kz редакторы
07/02/2024 - 15:17

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жемқорлықты тоқтатудың бірден-бір жолы цифрландыру екенін мәлім етті. Бұл туралы Sarbaz.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Тағы бір өзекті мәселе – сыбайлас жемқорлық. Бұл – құрылыс саласын ғана емес, жалпы экономиканы дамытуға тосқауыл болатын фактор. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаппай күресу қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Осы бағытта біраз жұмыс жасалды, нәтиже де бар. Бірақ солай екен деп босаңсуға болмайды. Жұмысты жалғастыру қажет. Әсіресе, цифрландыруды белсенді түрде қолдану керек», - дейді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін жалғай отырып, цифрлық валюта мәселесін қозғап өтті.

«Қазір құрылыс саласында бірнеше ақпараттық жүйе бар. Осындай тәсілдер арқылы бөлінген қаражаттың мақсатқа сай жұмсалуын қамтамасыз ету қажет, яғни барынша ашық және қатаң бақылау болуға тиіс. Бұл – өте маңызды мәселе. Себебі, қаржының ұрлануы, ең алдымен, құрылыстың сапасына әсер етеді және бюджетке қосымша салмақ салады. Ақшаға цифрлық теңге арқылы ен салу және оны қадағалау, басқаша айтқанда, «ақшаны бояу» бюджет қаражатының жұмсалуын бақылайтын өте маңызды тетік болуы мүмкін.

Бүгінде цифрлық валютаны қолдануға қатысты пилоттық жобалар тиімді жүзеге асырылып жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне Үкіметпен және Ұлттық банкпен бірлесіп, осындай жобалардың ауқымын кеңейтуді, оның ішінде құрылыс саласына барынша енгізуді тапсырамын», - деді Президент.

×

Редакция

$ 471.46  504.79  5.53