Ұлттық құраманың жоғарыда аталған жұбы финалда 228 ұпай жинады
Ұлттық ұлан жауынгері әлем чемпионатында алтынға ие болды. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық ұланы 5571 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Эдуард Ким 2-18 ақпан аралығында Катарда халықаралық жүзу федерациясының қолдауымен өтіп жатқан су спорт түрлерінен 21-ші әлем чемпионатында Наргиз Болатовамен жұптасып, мәнерлеп жүзуден алтын алды.
Ұлттық құраманың жоғарыда аталған жұбы финалда 228 ұпай жинады. Төрешілер бағдарламаның күрделілігі бойынша өнерлерін жоғары бағалады, олар техникалық микс-дуэт бағдарламасында үздік атанды.
Айта кетейік, бұл – Қазақстанның су спортынан алғашқы алтыны. Күміс медаль Қытай Халық Республикасының құрамасынан Чен Вэнтао мен Ши Хаоюйге, қола медаль Мексикадан барған Миранда Хименес пен Диего Карриллоға бұйырды.