Өрт сөндіруге жеке құрамнан 400-ге жуық адам жұмылдырылды
Семей қаласында сауда үйінде өрт шықты. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Вдеомство мәліметінше, сауда үйіндегі өрт сағат 11.39-де оқшауланды. Жоғары температура, үлкен өрт жүктемесі, жанғыш материалдар, ғимараттың орналасуының күрделілігі және жеке құрамның жұмысына қауіп төндіретін ғимарат шатырының құлау қаупі өрт сөндіру жұмыстарын қиындатуда.
«Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнында өрт сөндіру штабы жұмыс істейді. Күштер мен құралдар №3 жоғары дәрежеде қызмет атқаруда.
Қазіргі уақытта өртті сөндіруге жеке құрамнан 388 адам, 48 бірлік техника және 1 өрт сөндіру пойызы жұмылдырылған. Өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда.
Алғашқы есептоптар өрт орнына екі минут ішінде келді. Барлау жүргізген кезде бірінші және екінші қабаттарда орналасқан бутиктердің жанғаны байқалды. Ғимараттың ішін қатты түтін басқан», - делінген министрлік хабарламасында.
Өрттің себебі мен алдын ала ауданы анықталып жатыр.
Сынақ өрт зертханасы зерттеулер жүргізіп жатыр, өрт орнында полиция департаментінің жедел-тергеу тобы мен төтенше жағдайлар департаментінің анықтаушылары жұмыс істеуде.