Мемқызметтен басқаны көрмеген «жазалаушы» премьер: Мыңдаған «жемқорды» соттатқан Бектенов кім?

Антикордың бұрынғы төрағасы премьер-министр лауазымына ұсынылды

Нұрдәулет Кәкіш
06/02/2024 - 14:31

Фотоколлаж: Sarbaz.kz

Фотоколлаж: Sarbaz.kz

Қазақстан Республикасының премьер-министрі лауазымына ұсынылған Олжас Бектенов туралы не білеміз? Осыған дейін ол қандай лауазымдар атқарған? Толығырақ Sarbaz.kz порталында.

Олжас Бектенов 2018 жылы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары болды. Сол сияқты қаржы полициясы департаментінің бастығы, Астана бойынша Антикор басшысы, Астана әкімі аппаратының басшысы, Президент Әкімшілігі Басшысының Хатшылық меңгерушісі, Ақмола облысы әкімінің орынбасары лауазымдары түріндегі еңбек багажына ие.

Мән беріп қарасақ, Олжас Бектенов негізінен жазалаушы органдарда қызмет еткен, яғни мемлекеттік қызметте ғана болған. Ал бір ғана Антикор басшысы лауазымын атқан бір жылдан аса уақыт ішінде мыңдаған адам сыбайлас жемқорлықпен ұсталған.

Парамен ұсталған лауазымды қызметкерлер

2018 жылдың маусым айында алты шенеунік қатысқан атышулы сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы жауапты хатшысы Анарбек Қарашев 10 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған. Ресми мәлімет бойынша, лауазымды тұлға қызмет атқарған жылдары министрлікке бағынышты мекемелер басшыларының былықтарын жасырып келген. Анарбек Қарашев ол уақытқа дейін Сыртқі істер министрлігінде хатшы, кеңесші сынды түрлі қызмет атқарған. Премьер-министр кеңсесінде бөлім басшысы, 2008 жылы Чехияда төтенше және өкілетті елшісі болған.

Сонымен қатар Олжас Бектеновтің кезінде «Астана ЭКСПО-2017» экс-төрағасы Талғат Ермегияевтің қылмысына көз жұмып қарағаны үшін Ғабит Миразов Алматы прокуроры қызметінен босатылды. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша 2018 жылы алты айдың ішінде 278 мемлекеттік қызметші жауапқа тартылды, оның 48-і жұмыстан шығарылды. Астана әділет департаментінің басшысы Мұрат Әбіловтің, Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Ғалымжан Дугаловтың, Батыс Қазақстан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Меңдібек Ақмалиевтің жұмыстан шығарылуы таңдай қақтырар оқиға болды.

Сол жылдың қыркүйек айында мемлекеттік келісімшарттардың құнын арттыру бойынша айла-шарғыларда ҚР Энергетика вице-министрлері Ғани Сәдібеков пен Бақытжан Жақсалиев жауапқа тартылды. Сәдібековтің 3,6 млрд теңгеге орындалған жұмыстар туралы жалған актілерге қол қойғаны анықталды. Бұл соманың бір миллиарды тінту кезінде табылды.

Ал Бақытжан Жақсалиев су қоймаларына қатысты жалпы сомасы 863 млн теңгенің актілеріне қол қойып, қаржы мердігерге аударылған. Іс жүзінде сот сараптамасының қорытындыларына сәйкес, жұмыс көлемі 30 есеге артып, бюджетке келтірілген залал 746 млн теңгені құраған.

Осы атышулы жанжалға түсініктеме бере отырып, Олжас Бектенов көлдерді тазарту іс-шараларына қоғамдық бақылау қажет екенін мәлімдеді.

2018 жылы Антикор қоғам назарын Қазақстан ғылымын дамытуға бөлінген гранттарға аударды. ҰҒК мүшелерінің ғылыми ұйымдары, сондай-ақ ғылымға қатысы жоқ жеке тұлғалар арасында 38,2 млрд теңге бөлінген. Мыңдаған қазақстандық автордың бюджет ақшасын әділетсіз бөлу және ғылыми әзірлемелерін қаржыландырудың жоқтығы туралы БАҚ жарыса жазып, қоғам қайраткерлері мен депутаттар дабыл қақты. Мысалы, Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова Ғылым комитетіне үш сауал жолдады.

«Заң бұзған құжаттарға қол қойған әрбір адам БҒМ ғылым комитетінде жауапты болады», - деді ведомство төрағасының сол кездегі орынбасары Олжас Бектенов.

2021 жылдың қорытындысы бойынша Антикор 2016 жылдан бастап тіркелген сыбайлас жемқорлық фактілері санының 29 пайызға төмендегені туралы есеп берді. 2016 жылы бұл дерек 2807 болса, 2021 жыл соңында көрсеткіш 1557 болған. Ведомство тіркеген қылмыстар саны 2020 жылы 1632-ден 2021 жылы 1037-ге дейін төмендеді. Сонымен қатар пара беру және алу шенеуніктер арасында бұрынғыша қала берді деседі. 2021 жылы мұндай қылмыстардың жарты миллионнан астамы жасалған.

«Қол астындағыларды жақсы қадағалап, оларды біліп, жұмыста ғана емес, жұмыстан тыс уақытта да немен айналысатынын, осындай құқық бұзушылықтар жасауға бейімділігі бар-жоғын білу керек», - деді Олжас Бектенов 2019 жылы Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваны тұтқындағаннан кейін.

Антикордың өзінде де жемқорлар жоқ емес

2022 жылы сыбайлас жемқорлық бұзушылықтарын Антикор өз территориясынан да тапты. Сотталушының орындығына екі қызметкер түссе, 142-сі тәртіптік жауапкершілікке тартылып, бесеуі теріс себептермен жұмыстан шығарылды.

«Антикор қызметкерлерінің моральдық және кәсіби келбеті мінсіз болуы керек. Қоғам тарапынан сынға себеп болмауы керек. Қызметкерлердің заңға қайшы және әдепке жат қылықтары туралы кез келген қарама-қайшылықтары менің жеке бақылауымда болады. Ағымдағы жылда сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін 2 қызметкер сотталды. Тәртіптік жауапкершілікке 142 қызметкер тартылды, оның бесеуі теріс себептермен босатылды. Бұл мәселеде біз түбегейлі және қатаң ұстанымды ұстанамыз», – деді Олжас Бектенов.

Агенттік таратқан мәлімет бойынша 2022 жылы барлық құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар 1 724 сыбайлас жемқорлық қылмысты тіркеді. Осы тұста айта кетерлік бір жайт, Олжас Бектенов Антикор басшысы лауазымын 2022 жылдың ақпан айынан 2023 жылдың сәуір айына дейін атқарған.

2023 жылдың 3 сәуірінде Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалған Олжас Бектеновті бүгін Amanat патиясы ҚР премьер-министрі лауазымына ұсынып отыр.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91