Қазақстан ядролық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференцияға төрағалық етеді

ICONS-2024 халықаралық конференциясы 20-24 мамырда өтеді

Sarbaz.kz редакторы
06/02/2024 - 09:36

Фото: ҚР СІМ

Фото: ҚР СІМ

БҰҰ-ның Вена қаласындағы бөлімшесінің ғимаратында ҚР халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді және Аустралияның Тұрақты өкілі Йен Биггс Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің (АЭХА) аясында өткізілетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференциясының (ICONS-2024) дайындық мәселелеріне арналған брифинг өткізді. Бұл туралы Sarbaz.kz ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

ICONS-2024 халықаралық конференциясы 20-24 мамырда Вена қаласында Қазақстан мен Аустралияның бірлескен төрағалығымен ұйымдастырылады. Конференция дәстүрлі түрде сыртқы саяси және бейінді ведомстволардың басшыларын, сондай-ақ АЭХА-ның 178 мүше-мемлекетінен ядролық қауіпсіздік саласындағы 2000-нан астам сарапшылардың басын қосатын Вена алаңшасындағы негізгі іс-шаралардың бірі болады.

«Алдыңғы ICONS-2020-да қол жеткізілген нәтижелерге сүйене отырып, алдағы конференция АЭХА мүше-мемлекеттерінің ядролық қауіпсіздік саласындағы елеулі жетістіктерімен таныстыратын алаңға айналады. Агенттіктің ядролық қауіпсіздік саласындағы міндетті және ұсынымдық сипаттағы құқықтық құралдарын әмбебаптандыру жөніндегі оң динамика мемлекеттердің ядролық материалдар мен басқа да радиоактивті заттарды бақылауды күшейтуге деген ұмтылысының артқанын айғақтайды.

Бұл беделді форумды басқарудың жоғары мәртебесі біздің еліміздің АЭХА-дағы мүшелігінің 30-жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстан Агенттіктің маңызды мүшесі ретінде мінсіз мәртебеге ие болып, уран өндірісінде әлемдік көшбасшы болып танылды, сонымен қатар ядролық нысандарда қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуде мол тәжірибесімен ерекшеленіп, өз аумағында бірегей нысанды АЭХА Төмен байытылған уран банкін орналастырды», - деп жазады министрлік.

Осы орайда, Қазақстан мен Аустралияны атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды одан әрі ілгерілету, ядролық нысандарда физикалық қауіпсіздікті күшейту, халықаралық ынтымақтастық шеңберінде білім мен тәжірибені өзара тиімді алмасуды қамтамасыз ету жолындағы жол картасы болуға арналған конференцияның қорытынды құжаты – ICONS-2024 Министрлік декларациясын әзірлеу жөніндегі келіссөздер процесін жүргізу бойынша маңызды миссиясы күтіп тұр.

×

Редакция

$ 490.84  536.88  5.04