2023 жылы әскери қауіпсіздік саласындағы заңдылықтың жай-күйіне 363 тексеру және 153 талдау жүргізілді
Әскери инфрақұрылымды дамыту және Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қайта жарақтандыру кезіндегі заңдылықтың жай-күйі мәселесі бойынша Берік Асыловтың төрағалығымен Бас прокуратура алқасының отырысы өтті. Бұл туралы Sarbaz.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Іс-шараға Қауіпсіздік Кеңесінің өкілдері, әскери ведомстволардың, сондай-ақ өнеркәсіп және құрылыс, Ішкі істер, төтенше жағдайлар және қаржы министрліктерінің басшылары қатысты.
«Бас Прокурор әскери қызметшілер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелерінің өзектілігі мен маңыздылығын атап өтті.
Бас әскери прокуратура 2023 жылы әскери қауіпсіздік саласындағы заңдылықтың жай-күйіне 363 тексеру және 153 талдау жүргізді.
Олардың нәтижелері бойынша әртүрлі жауапкершілікке екі мыңнан астам тұлға тартылды», - делінген хабарламада.
Қадағалау актілері бойынша «Әскери құрылыс Астана» ЖШС-нің 4 мыңға жуық қызметкерінің 270 млн теңгеден астам сомаға жалақысы берешегі өтелді.
Қорғаныс министрлігі Бас әскери прокуратура бастамасымен заттай мүліктің цифрлық есебін енгізуде.