«Қатты дауылдан өршіген жалын ырқымызға көнбеді»: сержант Абай облысындағы өрт туралы

Ол өрт кезінде 200 әскериді қауіпсіз аймаққа алып шыққан

Нұрдәулет Кәкіш
31/07/2023 - 22:38

Фото: Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі

Фото: Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі

Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов Абай облысындағы өршіген орман өртін өшіруге өлшеусіз үлес қосқан әскерилердің бірі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 28738 әскери бөлімінің сержанты, 1-сыныпты сержант Талғат Жанғазиновқа «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін салтанатты түрде табыс етті. Бұл ретте Sarbaz.kz тілшісі лапылы бет қарықтырған тілсіз жауға қаймықпай тойтарыс берген әскери қызметшімен сұхбат құрды.

– Талғат мырза, қаруластарыңыз сізді өмірде біртоға, байсалды жанға балайды деседі. Сондықтан да болар өрт кезіндегі белсенділігіңізге, ұйымдастырушылық қабілетіңізге таң қалысқан көрінеді. Жауынгерлерді топ-топқа бөліп, өрт ошағына айналған жерлерге лезде аттандырып, өрт сөндіру жұмысын барынша жедел әрі тиянақты орындапсыз. Қысылтаяң шақта көшбасшыға айналу үлкен жауапкершілік емес пе?

– Иә, тілсіз жаумен күресте абдырап қалатындар кездеседі. Алайда шегіне берсең, қызыл жалын одан сайын күшіне мініп алады. Сондықтан өршіген өртті ауыздықтауға барымды салдым.

– Естуімізше, сіз табиғатқа ерекше мейіріммен қарайды екенсіз. Бұл туабітті қасиет пе, әлде жүре қалыптасқан мәдениет пе?

– Жалпы, мен Павлодар облысы Тереңкөл ауданы Трофимовка ауылының тумасымын. Біздің ауыл – ақ қайыңды өлке. Әкем көз ашқалы мал шаруашылығымен айналысқан шаруа адамы. Жаз кезінде он екі жастағы мені қасына алып, екеуіміз далада шөп шабатынбыз. Маусым аяқтала, бір ай бойы жинаған мал азығын шөмелеп, үйіп кеттік. Бір мая шөпті жүк көлігі бар көршіміз қора-жайға жеткізіп беремін деп уағдаласқан еді. Көршіміз шапқан шөпті әкелемін дегенше кенет орман жақтан өрт шығып, салдарынан шалғымен шауып, тірнектеп жинаған шөбіміз өртеніп кете барды. Сол сәтте әкем қатты налыған еді. Артынан естісек, көкке шыққан ауылдастар орманда абайсызда өрт шығарып, ауыздықтай алмапты. Мен содан бастап, табиғатты аялау керектігін, әрдайым өртке қарсы алдын алу шараларын ұйымдастыру қажеттігін түсіндім. Себебі тілсіз жаудың тигізер зардабы көп.

– Бұл сіздің тілсіз жаумен алғашқы күресуіңіз емес қой?

– Иә, оқушы кезімде Тереңкөл ауданында өрт болды. Өрт сөндіруге ауыл тұрғындары болып бәріміз жаппай бардық. Біздің өңір орманды жерде орналасқан. Орманның алып бөлігін ақ қайың құрайды. Менің қолымда ағаш кесетін құрылғы бар. Біз сол кезде қызыл жалынды ағаш кесетін құрылғылар арқылы ауыздадық. Яғни, өртеніп жатқан тоғай өзге тоғайдың басын шалмас үшін бірден кесіп құлатамыз. Егер олай етпесек, өрт бір ағаштың басынан бір ағашты шарпиды. Мен ауданда болған сол жағдайдан кейін өрт сөндіруде үлкен батылдықтан бөлек топографиялық білім қажеттігін түсіндім.

– Осы жолы әскери топографияның пайдасы қалай тиді?

– Жеке құрам жиырма бес шақырымға дейін орман ішіне еніп кетті. Айналаң түгел тоғай болғандықтан, ондай жағдайда адасып кету өте оңай. Әмбе, лаулаған қызыл жалын жақындай түскенде қайда шегінеріңді білмей қаласың. Мен сол сәтте қолымдағы компос арқылы жеке құрамды орманнан қауіпсіз жерге алып шықтым. Өйткені тілсіз жаумен күресте екі жүз шақты әскеридің амандығына жауапты болдым. Әскери топография жергілікті жерді бағдарлау біліктілігін қалыптастыруда зор маңызға ие. Сондай-ақ байланыс құрылғылары арқылы жоғары жақта жылтыңдаған от көрсек, өрт сөндірушілерге жедел түрде ескертіп отырдық. Ал төмен жақта тұтанған ағаштарды жеке құрам болып, толықтай өшірдік.

– Өрт сөндіруде қандай қиындықтар болды?

– Ауа райы қолайсыз болды. Қатты дауылдың кесірінен өршіген өрт ырқымызға оңайлықпен көнбеді. Ағаш ортасынан жанған кезде толықтай құлатпаса, өрт лезде жоғары басына лаулай жөнеледі. Айналаң қызыл жалынға айналғанда дегбірің қашып, бойыңды қорқыныш билейтіні анық. Алайда әскери қызметші болғандықтан, кез келген уақытта дұрыс шешім қабылдау қажет.

– Биылғы алапат өрт елдің есінде көпке дейін сақталары анық. Бұл оқиғадан сіз не түйдіңіз?

– Алып аумақты алып жатқан ну орманмен бірге қызыл кітапқа енген қаншама фауна келмеске кеткендей. Аң-құс, тіршілік атаулы панасынан айырылды. Орманнан ытқып шығып, қайда қашарын білмей, делқұлы күйге түскен жануарларды көріп, жаның ашиды. Әрине, апат айтып келмейді. Дегенмен табиғатты анамыздай бағалау керек! Тілсіз жаумен күресте әскери топография ауадай қажет. Сондықтан бұл сабақты әскери салада ғана емес, жалпыға ортақ ұйымдастыру қажет деп санаймын.    

– Сұхбатыңызға рақмет!

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91