Израиль мен ХАМАС жуырда ымыраға келуі мүмкін

Соғыс 35 күнге тоқтауы мүмкін

Sarbaz.kz редакторы
02/02/2024 - 11:14

Фото: REUTERS/Amir Cohen

Фото: REUTERS/Amir Cohen

Израиль Газа секторындағы соғысты тоқтатуға келісті, ХАМАС қозғалысы да бұл ұсынысты мақұлдады. Бұл туралы Катар Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Маджид әл-Ансари мәлімдеді, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі Al-Jazeera телеарнасына сілтеме жасап.

«Израиль атысты тоқтату туралы ұсынысқа келісті, ал ХАМАС оң қабақ танытты», - деді Маджид әл-Ансари.

Осыған дейін Израильдің 12 телеарнасы сыртқы барлау қызметінің басшысы Дэвид Барнеа елдің әскери кабинетіне кепілге алынғандарды босату мен уақытша атысты тоқтату туралы ықтимал келісімнің жобасын ұсынғанын хабарлаған.

Ол бойынша бірінші кезеңде анклавтағы соғысты 35 күнге тоқтату үшін 35 әйелді, ауру, жаралы және қарт тұтқындарды босату қарастырылған. Содан кейін азаматтық қорғаныс қызметкерлері, жас жігіттер екінші кезеңде босатылады. Бұл үшін келісім тағы бір аптаға ұзартылуы керек.

Ал Израиль айырбастау үшін босатылуы тиіс палестиналық тұтқындардың санын әлі айтқан жоқ. Бұл мәселеде Израиль мемлекетін олардың саны емес, сапасы көбірек қызықтыратыны айтылады. Себебі, Тель-Авив қандықол қылмыскерлерге қарағанда жеңіл айыппен сотталған тұтқындарды босатуды қалайды. Ал ХАМАС ауыр қылмыс жасағандарды ауыстыруды талап етіп отыр.

Айта кетейік, осыған дейін АҚШ өкілдерінің Газа секторындағы қақтығысты шешу үшін атысты алты аптаға тоқтатуды талап етіп отырғаны хабарланған болатын.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91