Израиль мен «Хезболла» 2006 жылғы соңғы соғыстан кейін шекарадағы күштерін нығайтты
Израиль мен Ливанның «Хезболла» ұйымы арасында соғыс оты тұтанғалы тұр. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Associated Press-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл Израильдің Газа секторындағы ХАМАС-қа қарсы соғысының жалғасуы болуы мүмкін. Бұл екі жақ үшін де ең жойқын қақтығыс болуы мүмкін.
Израиль мен «Хезболла» 2006 жылғы соңғы соғыстан кейін шекарадағы күштерін нығайтты.
2006 жылғы соғыс неден басталды? «Хезболла» ұйымы Израиль шекарашыларына шабуыл жасап, Израильдің екі сарбазын тұқынға алды және тағы бірнеше азаматын өлтірген. Міне соғыс оты осыдан тұтанған.
Жауап ретінде Израиль ауқымды көлемде әуе және құрлық шабуылын бастады. Шабуыл мақсаты – кепілге алынғандарды босату және «Хезболланың» әскери әлеуетін жою. Бірақ Израиль бұл жоспарын ақыры толық орындай алмады.
Израильдің қарсы шабуылынан Оңтүстік Ливанның біраз жері және Бейруттың оңтүстік аумағы жермен-жексен болды. Ал «Хезболла» Израильдің солтүстігіндегі елді мекендерге мыңдаған зымыранын ұшырып, үлкен қиындық әкелген.
Қақтығыстан Ливанның 1200-ге жуық азаматы опат болды. Олардың басым бөлігі – бейбіт тұрғындар. Ал Израиль тарапынан сол жолы 160 адам қаза ұшыраған.
«Израиль мен «Хезболла» арасындағы ықтимал соғыс үлкен зардап әкеледі», - деп ескертті БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш.
Газада соғыс басталғаннан бері «Хезболла» мен Израиль шекарасында жағдай ушығып тұр. Салдарынан екі жақта да шекара маңына жақын тұратын ондаған мың адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.
Израильдің саяси және әскери жетекшілері «Хезболла» ұйымына шекарадан шегінбесе, үлкен соғыс болуы мүмкін екенін ескертті.
Ал «Хезболла» жетекшісі Хасан Насралла өз сөзінде Израиль соғыс бастаса, күрес тоқтаусыз жалғасатынын ескертті. Сол сияқты Газадағы соғыс тоқтамайынша Израильге шабуыл жалғаса беретінін де айтты.
Жағдайға қарап үшінші Ливан соғысы болуы мүмкін деген болжам жасауға болады. Бұл соғыс екі тарапқа үлкен шығын әкелетіні анық.
Аталмыш басылымның хабарлауынша, Газадағы соғыс Израильге 50 млрд доллар шығын әкелді. Ал Ливанмен соғыс бола қалған жағдайда бұл шығын әлдеқайда артуы мүмкін.