Одан бөлек 40 техника, 3 кинология қызметі және 2 пилотсыз ұшу аппараты бар
Павлодар облысының «Майқайыңалтын» алтын кен орнында іздеу жұмысы жүріп жатыр. Оның жұмысы туралы ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаменті бастығының орынбасары Жомарт Асқаров айтып берді, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
«Іздеу жұмысы жалғасып жатыр. Апат болған күні 2 адамның денесі табылды. Іздестіру жұмыстары арнайы аппараттардың көмегімен жүргізілуде, біз бар күшімізді салып жатырмыз. Сол сияқты арнайы ұйым жұмылдырылды», - деді Жомарт Асқаров ОҚК-да өткен баспасөз жиынында.
Оның айтуынша, Майқайыңдағы автобус апаты болған жерде 139 маман тартылды, одан бөлек 40 техника, 3 кинология қызметі және 2 пилотсыз ұшу аппараты бар.
«Біз шетелдік әріптестермен де кеңес өткіздік. Оқиға орнында жерасты топырағының құлауы құтқарушыларға қауіп төндіріп тұр. Әрине біз барлық параметрлерді ескереміз және шешім ауа райы жағдайлары мен құтқарушылардың қауіпсіздігін ескере отырып қабылданады», - дейді ол.
Айта кетейік, биыл 4 қаңтарда «Майқайыңалтын» кен орнында топырақ опырылып, 4 адам мінген автобус жер астына түсіп кеткен болатын.
Осыған дейін ойық түбін қазып жатқан құтқарушылар автобустың дөңгелегіне жеткені хабарланған.