Қазақстанда XVIII ғасырдан бері келе жатқан түрме бар

Императрица Екатерина ІІ-нің тапсырмасымен салынған түрмелер де жоқ емес

Sarbaz.kz редакторы
31/01/2024 - 18:58

Көрнекі фото: Sputnik / Алексей Филиппов

Көрнекі фото: Sputnik / Алексей Филиппов

Парламент Мәжілісінің отырысында депутат Абзал Құспан Қазақстандағы түрмелердің барлығы дерлік өткен ғасырларда салынғаны, олардың бір бөлігі апатты жағдайда екені туралы проблеманы көтерді, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Сөз басында депутат егемендік жылдары бірде бір түрме салынбағанын айтып өтті.

«Қазақстанда қылмыстық атқару жүйесіне қарасты 1500-дей ғимарат болса, оның 60 пайызының жағдайы – қанағаттанарлықсыз, ал 20 пайызы – мүлдем апатты жағдайда. Тәуелсіздік алғалы еліміз бойынша жаза өтейтін бірде бір жаңа мекеме салынбаған.

Тергеу изоляторларына келер болсақ, Алматы қаласында ғана бір ғимарат 2012 жылы пайдалануға берілді», - дейді депутат.

Ол сөзін жалғай отырып, халықаралық стандарттарға сай келетін ғимараттар салуға қатысты мынадай мысалдар келтіріп өтті.

«Жаза өтейтін мекемелер негізінен жүздеген сотталған адам бірге жататын барак типті боылп келеді. Ол өз кезегінде түрмелік суб мәдениет пен теріс діни ағымдардың кеңінен таралуына жағдай туғызатын фактор болып саналады.

2021 жылы Маңғыстау облысындағы қатаң режимдегі калония қирап, жазасын өтеп жатқан 3 адам үйінді астында қалып, қаза болды.

Былтыр Оралдағы тергеу изоляторында ерлердің қабырғаны тесіп, әйелдер жағына өтіп жүргені туралы видео бүкіл әлеуметтік желіге тарады. Өйткені ғимарат өте ескі. Императрица Екатерина ІІ-нің тапсырмасымен салынып, ХІХ ғасырда пайдалануға берілген. Содан бері түрме қызметін үзіліссіз атқарып келеді. Қазір апатты жағдайда тұр», - дейді Абзал Құспан.

Бірақ түрмелердің ең ескісі ол емес. Өскемен қаласындағы тергеу изоляторы XVIII ғасырдан бері қолданыста. Негізі олар түрме емес, музей қызметін атқаратын ғимараттар.

«Орал қаласында бұдан 11 жыл бұрын мемлекеттен қаржы бөлініп, 23 гектар аумақта жаңа тергеу изоляторының құрылысы басталған. Алайда орта жолдан жергілікті прокуратура құрылысы аяқталмаған нысаннан 1,5 млрд теңгенің шығынын тауып, компанияның атқарушы директорын соттап, нәтижесінде құрылыс тоқтап қалды. Соның салдарынан енді аяқталмаған құрылысты аяқтау үшін бюджеттен қосымша тағы да шамамен 6-10 млрд теңге көлемінде қаражат керек. Себебі, құрылыс нысаны осы он шақты жыл бұрын тозып әрі тоналған.

Бірақ қалай болғанда да тергеу изоляторының құрылысын аяқтау қажет. Себебі, патшалық Ресей кезінен келе жатқан ескі изолятор апатты жағдайда, одан басқа батыстың төрт облысында жаза өтейтін мекеме елді мекен ішінде заңсыз орналасқан», - дейді ол.

Депутат сөзін жалғай отырып, Астанада да жағдай оңып тұрмағанын айтты. Жаңа жыл алдында бір топ депутат елордадағы тергеу изоляторына барып, жағдайды өз көздерімен көрген.

«1975 жылы пайдалануға берілген бұл ғимараттың тозу көрсеткіші 80 пайызға жеткен. Ол әу баста түрме ретінде салынбаған, тек бейімделген. Сыйымдылығы 600 адамға арналған болса, біз барған күні тұтқында 696 тұтқын отырғанын және мекеме әкімшілігі тұтқындарды қабылдамай, басқа қалаларға жолдап жатқанының куәсі болдық. Себеп біреу – орын жетпейді.

Айта кетерлік тағы бір жайт, үш экс-министр қамауда. Оларға ешқандай артықшылық берілмеген. Көпшілікпен бірдей жағдайда отыр», - деді ол.

Сөз арасында былтыр еліміздегі түрмелердің жағдайымен жеке танысқанын қозғап өтті. Сол сияқты қызметкерлермен ғана емес, тұтқында отырғандармен де кездескенін тілге тиек етті.

«Осыдан кейін барып қылмыстық атқару жүйесіне Үкімет деңгейінде назар аудару қажет деген қорытындыға келдік», - дейді депутат.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91