Десанттық-шабуылдау әскері жауынгерлік дайындықтан қалай өтеді?

Талдықорғанда десантшылар бөлімшелердің орналасу пунктінде оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындайды

Sarbaz.kz редакторы
31/01/2024 - 16:59

Фото: Қорғаныс министрлігі

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қарулы күштердің Бас штабы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жауынгерлік дайындығын тексеріп жатыр. Бұл туралы Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Таң қылаң бере Қонаев және Жетісу гарнизондарындағы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бөлімшелері оқу дабылымен көтерілді.

Талдықорғанда десантшылар бөлімшелердің орналасу пунктінде оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындайды. Бұл ретте Қонаев гарнизоны 32363 әскери бөлімінің 50-ден аса сарбазы, келісімшарт бойынша әскери қызметшілері мен офицерлері Алматы қаласынан батысқа қарай Ақтөбе қаласына жөнелтілді. Ондағы мақсат – әскери басқару органдарының ұтқырлығын, жауынгерлік әзірлігін және үйлесімділігін тексеру.

Әскери-көліктік авиацияның ұшақтарымен десантшыларды белгіленген пунктке ұшқыштар жеткізді.

Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жауынгерлік әзірлігін Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов тексереуде.

– Жауынгерлік дағдыны қалыптастыру – Қарулы күштерді дамытудың басым бағыттарының бірі. Әскери қызметшілер әр жерлерде және бейтаныс полигондарда әрекет етуге дайын болуы керек. Одан бөлек штабтар мен бөлімшелер жұмысының үйлесімділігі де тексеріледі, – деді ол.

Осы шаралар аяқталғаннан кейін Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов кенеттен тексеруді қорытындылап, жауынгерлік дайындық мәселелерін жетілдіру жөнінде міндеттер жүктейді.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85