Әскерилерге базалық зейнетақыны қайтару ұсынылды

Ұсыныстар жинақталып, Үкіметке жіберілетін болады

Sarbaz.kz редакторы
31/01/2024 - 15:58

Фото: Ақорда

Фото: Ақорда

Мәжілісте әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі қаралды, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштері Бас штабының басшысы Сұлтан Қамалетдинов 2016 жылғы 1 қаңтардан кейін жұмыстан шығарылған күш органдарының зейнеткерлеріне базалық зейнетақыны, сондай-ақ 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданыста болған әлеуметтік кепілдікті зейнеткерлер мен әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне арналған уәкілетті органның қаражаты есебінен әскери-медициналық бөлімшелерде медициналық көмек алуды қайтаруды ұсынды.

Өз кезегінде Парламентаризм институтының жария заңнама орталығының бас маманы Нұржан Сәулен дамыған елдерде әскери қызметшілердің отбасылық-тұрмыстық құрылымына, білім беру мен бала күтіміне ерекше көңіл бөлінетінін айтты.

«Сержанттар мен офицерлер құрамының әскери қызметшілері жылына бір рет санаторий-курорттық емдеуден өтуі тиіс. Тегін тамақтанудан басқа, далалық жиындарға қатысқаны үшін ақшалай сыйақы қарастыруды, әскери қызмет өтілі 25 жыл болатын әскери қызметшілерге қалауы бойынша еңбек сіңірген жылдарына сәйкес, зейнетке шығуға рұқсат беруді ұсынамыз. Сондай-ақ қиын өмірлік жағдайларда әскери қызметшілер мен армия қызметкерлеріне алты айға дейін ішінара немесе толық демалыс беру керек», - деді Нұржан Сәулен.

Айтылған ұсыныстар жинақталып, Үкіметке жіберілетін болады.

«Осындай маңызды миссияны атқаратын әскери қызметшілерді тұрмыстық мәселелер емес, елдің қауіпсіздігі мен тыныштығы алаңдатуы тиіс. Мемлекет әскери қызметшіге еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болатын, әскери қызметтің ауыртпалықтары мен айыру жағдайларын ескеретін, сондай-ақ әскери шет мемлекеттердің әлеуметтік пакетімен салыстырғанда өзекті болатын әлеуметтік пакетті ұсынуы тиіс», - деп толықтырды Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан.

Айта кетейік, ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштері Бас штабының басшысы Сұлтан Қамалетдинов 2020-2023 жылдары 17 мыңнан аса әскери қызметкер Қарулы Күштер қатарынан шығарылғанын айтқан болатын.

Тегтер

×

Редакция

$ 476.27  515.47  5.41