Әскери қызметкерлердің әскерден кетуі үрдісі байқалып отыр
ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштері Бас штабының басшысы Сұлтан Қамалетдинов қызметінен кетіп жатқан әскерилер неліктен азаймай жатқанын айтты. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Салада проблема баршылық. Олар шұғыл әрі нақты келісілген шараларды талап етеді. Бұл ретте, депутаттардың қолдауына үміт артамыз. Әскери қызметкерлердің әскерден кетуі үрдісі байқалып отыр. Жыл сайын әскер қатарынан кетіп жатқандар саны азаймай жатыр. Тек 2020-2023 жылдар аралығында Қарулы Күштер қатарынан 17 065 әскери қызметші шығарылды (оның 4 301-і офицер, 12 764-і келісімшартпен жүрген әскерилер). Бұл шамамен 15 механикаландырылған бригаданың санына тең», - деді Сұлтан Қамалетдинов Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында.
Оның айтуынша, қазіргі кезде армияны әскери қызметкерлермен жасақтау шарасы қызметтен кеткен кәсіби даярланған кадрлардың орнын тиісті деңгейде толтыра алмай жатыр.
«Аталған кезеңде Қарулы Күштер қатарына 14 311 әскери қызметші қосылды. Мұның бір себебі - салыстырмалы түрде алғанда жалақы деңгейі төмен», - деді Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары.