Қоғамдық ұйымның өкілі сарбаздар тұрмысымен танысты
Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының кіші авиация мамандарын даярлау жөніндегі оқу орталығына «Ана жүрегі» комитеті мен әскери полиция өкілдері барды. Бұл туралы Sarbaz.kz қорғаныс ведомствосының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ақтөбе гарнизонындағы «Ана жүрегі» сарбаздар аналарының комитеті» облыстық филиалының төрайымы Олеся Старых және Ақтөбе гарнизоны әскери полиция бөлімінің (ӘПБ) профилактика және статистика бөлімшесінің офицері әділет майоры Әнуар Бердібаев білім ордасында әскери қызметшілерді оқыту үдерісімен танысты.
Одан өзге филиал басшысы мен әскери полиция бөлімінің өкілі борышын өтеп жүрген сарбаздармен әңгімелесті. Жағдайды шынайы бағалау үшін олар анонимді сауалнама жүргізді.
Оқу орталығының басшылығымен бірге келушілер жеке құрамның орналасқан жеріне барып, казарманы, психологиялық тұрғыдан жеңілдеу бөлмесін және сарбаздардың тұрмысын қамтамасыз етуге арналған басқа да үй-жайларды аралады.
Оқу орталығының асханасында Олеся Старых пен Әнуар Бердібаев жеке құрамның тамақтану рационымен танысып, мәзірдің жасалуын, үлестегі ингредиенттердің мөлшерін және тағамдардың сапасын тексерді.
Сапар соңында қоғамдық ұйымның өкілі Олеся Старых оқу орталығындағы әлеуметтік-тұрмыстық ахуал мен әскери қызметшілердің тамақтану сапасына оң пікір білдірді.