Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың ғасырлық мерейтойы өтті

Олардың есімдері өшпес даңққа бөленді

Sarbaz.kz редакторы
29/01/2024 - 22:43

Фото: Қорғаныс министрлігі

Фото: Қорғаныс министрлігі

Жаркент қаласының Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектебінде 74261 әскери бөлімінің қолбасшылығы мен әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі қызмет өкілдері Халық қаһармандары Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың жүз жылдығына арналған іс-шара ұйымдастырды. Бұл туралы Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Іс-шараға белгілі композитор Мақсат Жәутіков, «Құрмет», «Даңқ» ордендерінің иегері, Панфилов ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Күлғайша Бердіғұлова, тыл еңбеккері «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері, Социалистік Еңбек Ері Күләш Айтжанова және Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы, еңбек ардагері Нұрғайша Шайділдинова шақырылды.

Қос батырдың ғасырлық мерейтойына арналған кешті Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Ермиян Бятов ашты.

– Биыл біз қазақ халқының даңқты ұлдары, Ұлы Отан соғысының батырлары Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың жүз жылдығын атап өтеміз. Олар көзсіз ерлігі мен жанқиярлық қызметінің арқасында өшпес даңққа бөленді. Батыр аталарымыз біз үшін де, болашақ ұрпақ үшін үлгі болып қала береді, – деп атап өтті ол.

Кездесуде даңқты батырлар туралы мазмұнды баяндамалар оқылды. Әсіресе олармен жеке қарым-қатынас жасау бақытына ие болған жандардың естеліктері ерекше құнды болғанын да айта кету керек.

Әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметі іс-шараға әскери қызметшілердің ата-аналарын да қатыстырды. Ұлдары Ақтау қаласы мен Меркі ауылында қызмет етіп жатқан аналар балаларымен бейнебайланыс арқылы сөйлесе алды. 

Іс-шара аясында Халық қаһармандары Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаев туралы кітап көрмесі ұйымдастырылып, деректі фильмдер көрсетілді. 

Кездесуде бірқатар сарбаздарға, бөлімше командирлері мен бөлімше фельдшеріне адал қызметі үшін алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. 

Іс-шара 74261 әскери бөлімі көркемөнерпаздарының күшімен дайындалған концертпен аяқталды. Кеш барысында тектіліктің, сүйіспеншілік пен адалдықтың символы болған офицерлер вальсі ерекше әсерлі болды.

×

Редакция

$ 471.46  504.79  5.53