Оның штатында Газа секторында тұратын шамамен 13 мың адам жұмыс істейді
Тоғыз мемлекет БҰҰ-ның палестиналық босқындарға көмек көрсететін агенттігін (UNRWA) қаржыландыруды тоқтатты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі Euronews агенттігіне сілтеме жасап.
АҚШ, Канада, Австралия, Ұлыбритания, Германия, Италия, Нидерланд, Швейцария және Финляндия қаржыландырудан бас тартты.
«Қаржыландыру уақытша тоқтатылды. Ұйымның бірнеше қызметкеріне ХАМАС-тың 7 қазан күні Израильге шабуыл жасауына көмектесті деген айып тағылған. Қаржыландыру қайта жандануы үшін осы іс тергелуі тиіс», - деп атап өтті хабарламада.
АҚШ UNRWA агенттігін «террористік ұйым» деп атауға негіз жоқ деп мәлімдейді. Себебі оның штатында Газа секторында тұратын шамамен 13 мың адам жұмыс істейді. Алайда, тергеу нәтижелеріне байланысты Вашингтонның қаржыландыруы қайта қаралуы мүмкін. АҚШ бұл ретте қаражаттың жұмсалуы бақылауға алынуы тиіс деп санайды.
Сонымен бірге, Палестинаны азат ету ұйымының Бас хатшысы Хусейн әл-Шейх аталмыш елдерді қаржыландыруды тоқтату ойынан бас тартуға шақырды. Себебі, бұл гуманитарлық және саяси көмек көрсетуге үлкен зиян тигізеді.
Осыған дейін UNRWA агенттігінің басшылығы ХАМАС-тың Израильге шабуыл жасауына көмектесті деп күдікке ілінген бірнеше қызметкері жұмыстан шығарылғанын хабарлаған. Олардың нақты саны белгісіз. Ал Ақ үйдің мәліметі бойынша 12 адам болуы мүмкін.