АҚШ ядролық қаруын 2008 жылы Ұлыбритания аумағынан шығарған болатын
Ресейдің Батыс елдеріне қаупі күн санап артып барады. Осыған байланысты АҚШ ядролық қаруын Ұлыбританияға орналастыруды жоспарлап отыр, деп Sarbaz.kz тілшісі The Telegraph-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Қазір Ұлыбританияның Лейкенхит әскери-әуе базасында жаңа нысан сатып алу туралы келісімшарттар жүріп жатыр. Аталмыш басылымның мәліметінше, АҚШ ядролық қаруын осы нысанға орналастыруы мүмкін.
Айта кетерлігі, Ресей қаупі азайғандықтан, АҚШ 2008 жылы Ұлыбританиядан ядролық қаруын шығарған болатын.
Лейкенхит әуе базасына В61-12 бомбалары орналастырылады деп күтілуде, олардың қуаты – 50 килотонна. Бұл 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом қаруының қуатынан үш есе көп.
Қазіргі уақытта АҚШ-тың ядролық қаруы Германия, Бельгия, Нидерланд, Италия және Түркия елдерінде орналастырылған.