АҚШ әскерилерінің қаза табуы Иранмен қақтығысқа әкеледі деген болжам бар
АҚШ әскери қызметкерлерінің өліміне қарсы жауап ретінде Иранға соққы жасауы мүмкін. Бұл туралы Sarbaz.kz тілішсі Bloomberg-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Bloomberg дереккөзінің айтуы бойынша бұл соққы бұрынғыға қарағанда неғұрлым күшті болады.
«АҚШ-тың Иранға соққы беруі кезінде жасырын әрекеттер болуы мүмкін. Трамп 2020 жылы Бағдатта генерал Касем Сулейманиді өлтіруге бұйрық берген секілді, Байден әкімшілігі Иран шенеуніктеріне тікелей соққы беруі мүмкін», – деп жазады басылым.
Басылымның мәліметінше бұл аймақтық қақтығысты тудыруы мүмкін.
«Біз Иранның шабуылы туралы әлі де нақты фактілер жинап жатырмыз. Дегенмен, оны Иран қолдау көрсететін – Сирия мен Ирактағы радикалды топтар орындағанын жақсы білеміз», – деді президент Байден Ақ үйдің ресми мәлімдемесінде.
АҚШ-тың қорғаныс министрі Иран қолдау көрсететін топтарды айыптады және «кез келген уақытта және кез келген жерде» оларға соққы жасайтынын ескертті.
Естеріңізге сала кетейік, 28 қаңтарда Иорданиядағы АҚШ-тың әскери базасына шабуыл кезінде 3 америкалық қаза тауып, 34 адам жарақат алды. Бұл шабуылды «Ирактың исламдық қарсыласу» ұйымы өз мойнына алды. Бұл ұйым Ирактағы Иранды қолдайтын түрлі шииттік топтардың бірлестігі болып саналады. Оның ішіне «Хашд аш Шааби», «Катаиб Хезболлах», «Харакят ан Нуджаба», «Асаиб аль Хак» және т.б. топтар кіреді.