Әскери қызметшілер және офицерлер сегіз салмақ дәрежесінде сынға түсті
Елордалық бригадада армиялық қоян-қолтық ұрыстан бөлім командирінің кубогына турнир өтті. 68665 әскери бөлімі командирінің ауыспалы кубогына 150 әскери қызметші қатысты. Бұл туралы Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мерзімді қызметтің сарбаздары, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер және офицерлер сегіз салмақ дәрежесінде сынға түсті.
– Армиялық қоян-қолтық ұрыс – әскери қызметшілерді жауынгерлік даярлаудың маңызды элементтерінің бірі. Жыл сайын бұл спорт кеңінен танылып келеді. Қоян-қолтық ұрыстың жауынгерлік және спорттық тәсілдерін меңгеру әскери қызметшінің бетпе-бет ұрыстағы сәтті жекпе-жегіне байланысты, – деп атап өтті бригада командирінің тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары подполковник Талғат Құлманов.
Екі күндік жарыс қорытындысы бойынша офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер арасында елордалық бригаданың барлаушылар командасы жеңіске жетті. Мерзімді қызметтің сарбаздары арасында шабуылдау батальонының командасы алға шықты. Аталған чемпион командалар бригада командирінің ауыспалы кубоктарын иеленді.
Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері өз салмақ дәрежелерінде медальдармен және грамоталармен марапатталды. Үздік жауынгер-спортшылар енді ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының кубогына арналған турнирге қатысады.