Сирия бойынша 22-ші халықаралық кездесу Астанада 2024 жылдың екінші жартысында өтеді
ҚР Сыртқы істер вице-министрі Әлібек Бақаев келіссөздер қорытындысы бойынша пленарлық отырыста Иран, Ресей және Түркия өкілдерінің бірлескен мәлімдемесін оқыды. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі хабарлайды.
Бірлескен мәлімдеменің мәтінінде Иран Ислам Республикасының, Ресей Федерациясының және Түркия Республикасының «Астана форматындағы» кепіл елдері ретіндегі өкілдері атап өтілді.
Әлемдегі және өңірдегі ахуалдың дамуын қарастырып, Сирия дағдарысын орнықты реттеуді ілгерілеудегі «Астана процесінің» жетекші рөлін айтылды.
Қатысушылар жиын қорытындысы бойынша мынаны атап өтті: Палестина-Израиль қақтығысының шиеленісуі Сирия Араб Республикасындағы жағдайға кері әсерін тигізеді. Қарулы қақтығыс аймағының кеңеюіне және оған өңірдің басқа мемлекеттерінің тартылуына жол бермеудің маңыздылығы айтылды.
Тараптар сонымен қатар, терроризммен күресу, сириялықтардың қауіпсіз, ерікті және лайықты оралуы үшін тиісті жағдайлар жасау мақсатында өзара сыйластық, ізгі ниет және тату көршілік негізінде Түркия мен Сирия арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіру бойынша күш-жігерді жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Сол сияқты Сирияның егемендігі мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіруге бағытталған сепаратистік жоспарларға қарсы тұру және оның барлық нысандары мен көріністерінде терроризммен күресу мақсатында өзара іс-қимылды жалғастыруға бел буды
Бұдан бөлек Идлиб қаласының құлдырау аймағындағы жағдайды егжей-тегжейлі қарастырып, барлық келісімдерді толық орындау арқылы тыныштықты сақтау қажеттілігі қозғалды. Олар Сирияның солтүстік-шығысындағы жағдайды талқылады және осы аймақта тұрақты қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қол жеткізу тек осы елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау негізінде мүмкін болатынына тоқталды.
Халықтың жекелеген этно-конфессиялық топтарының террористік және сепаратистік ұмтылыстарын қолдау және оларды қаруландыру жөніндегі кез келген елдің кез келген қызметін айыптады. Әсіресе Сириядағы Израильдің барлық әскери шабуылдары айыпталды. Бұл әрекеттер Сирияның халықаралық құқығын, халықаралық гуманитарлық құқығын, егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзды деп санады.
Сол сияқты жиын барысында 2023 жылғы 6 ақпандағы жойқын жер сілкінісінің салдарынан Сириядағы гуманитарлық жағдай да назардан тыс қалмады. Тиісінше гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыру мен көлемін ұлғайтудың маңыздылығы айтылды.
Жиынға қатысушылар кездесу соңында мынаны атап өтті:
Астанада Сирия бойынша 21-ші халықаралық кездесуді өткізгені үшін қазақстандық билікке шын жүректен ризашылықтарын білдірді. Сол сияқты 2024 жылдың екінші жартысында Астанада Сирия бойынша 22-ші Халықаралық кездесу өткізілетіні хабарланды.