Президент: Алматыда төтенше жағдай кезінде тиісті органдар дайын болған жоқ

Мемлекет басшысы сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөнінде кеңес өткізді

Sarbaz.kz редакторы
25/01/2024 - 21:38

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Алматы қаласында сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Жиынға Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік Кеңесінің басшылығы, Үкімет мүшелері, қалалар мен облыстардың әкімдері, сондай-ақ аймақтардағы төтенше жағдайлар департаменттерінің жетекшілері қатысты.

Мемлекет басшысы ел аумағының үштен бір бөлігінде жер сілкінісі қаупі бар екенін айтты. Сейсмологиялық станциялар соңғы 5 жылда 45 мыңнан астам дүмпу жағдайын тіркеген. Оның көбі – төмен балдық жер сілкінісі.

– Ашығын айту керек, Алматыда болған төтенше жағдай кезінде тиісті органдар шұғыл әрекет етуге толық дайын болған жоқ. Ал қала тұрғындары не істерін білмей, абдырап қалды. Дегенмен бұл жиынның басты мақсаты – сын айту емес, нақты шешімдер қабылдау. Мысалы, жұрттың көпшілігінде «төтенше жағдайға қажетті чемодан» да жоқ болып шықты. Тиісті оқу-үйрету шаралары мектептен, тіпті балабақшадан басталуы керек. Бұрын Алматыда осындай тәжірибе болған. Соны қайта жаңғырту қажет. Себебі қазір азаматтарды төтенше жағдайға дайындау жүйесі талапқа сай емес. Құзырлы органдар халыққа жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізуге тиіс. Оқу орындарында, мемлекеттік мекемелерде тұрақты жаттығу өткізіп тұру қажет. Бұл – өте маңызды. Осы жұмысты дереу қолға алу керек, – деді Президент.

Тегтер

×

Редакция

$ 476.27  515.47  5.41