Түркия Швецияның НАТО-ға кіруіне рұқсат берді

Швецияның өтінімін мақұлдамаған жалғыз ел – Венгрия

Sarbaz.kz редакторы
24/01/2024 - 17:27

Фото: Dado Ruvic/Illustration/Reuters

Фото: Dado Ruvic/Illustration/Reuters

Түркияның ұлттық жиналысы (Парламенті) Швецияның НАТО-ға кіру туралы өтінішін ратификациялады. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Швецияның өтінімін мақұлдау үшін 287 депутат дауыс берді, 55-і қарсы болды. Енді Швецияның өтініміне Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қол қоюы керек.

Швецияның бұл өтінімін әлі мақұлдамаған жалғыз ел – Венгрия. Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан НАТО-ға кіру мәселесін талқылау үшін өзінің швециялық әріптесі Ульф Кристерссонды шақырды. Алайда Швецияның сыртқы істер министрлігі Венгриямен келіссөздер жүргізетін ешқандай тақырып жоқ деген жауап берді.

Швеция Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталған – 2022 жылы НАТО-ға кіруге өтініш берген. Онымен бірген Финляндия да өтініш берген. Фин елі 2023 жылдың сәуірінде НАТО-ның құрамына енді. Альянсқа мүше болу үшін НАТО-ның барлық мүшесі рұқсат беруі тиіс.

Айта кетейік, НАТО – Еуропаның көптеген елдерін, оның ішінде Түркия, АҚШ және Канада елдерін біріктіретін әскери-саяси блок. Ол 1949 жылы Еуропа кеңестігін қауіптен қорғау мақсатында құрылған.

НАТО мүшелері: Бельгия, Дания, Ұлыбритания, Исландия, Италия, Канада, Люксембург, Нидерланд, Норвегия, Португалия, АҚШ, Франция, Грекия, Түркия, Германия, Испания, Венгрия, Польша, Чехия, Болгария, Латвия, Литва, Румыния, Словакия, Словения, Эстония, Албания, Хорватия, Черногория, Солтүстік Македония және Финляндия.

Еске салайық, осыған дейін Швецияның Ресейден келетін қауіпке қарсы тұру үшін екі сүңгуір қайық құрастырып жатқаны хабарланған.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91