Алғашқы дүмпулерден кейін курсанттарға жылдам жиналу туралы команда берілді
Өткен түнде Алматы қаласында қуатты жер сілкінісі болды. Зілзала Алматы гарнизонының әскери қызметшілері, сондай-ақ екі әскери институт орналасқан аумақта да қатты сезілді. Осындай жауапты сәтте курсанттар қалай әрекет етті? Sarbaz.kz тілшісі аталмыш оқу орындарына хабарласып, жағдайды анықтап білді.
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтында бәрі жылдам әрі нұсқаулық бойынша орындалды. Алғашқы дүмпулерден кейін институт кезекшісі курсанттарға жылдам жиналу туралы команда берді. Киініп, сыртқа шыққаннан кейін курсанттар ғимараттан 50 метр қашықтыққа, яғни қауіпсіз жерге шықты. 30 минут ішінде институтқа басшылық келді. Ал арада тағы жарты сағат өткен соң қайта дүмпулер өткеннен кейін курсанттар институт ішіне жіберілді. Оқиға болған кезде институт қабырғасында барлығы 500-ге жуық курсант болған.
«Қуанышымызға орай, ешкім жарақат алған жоқ. Институттың құрылымдары да зақымдалмаған. Бұл әртүрлі қызметтердің тексеруі нәтижесінде расталды. Оларды аудандық пайдалану бөлімінің өкілдері, әсіресе жылумен жабдықтау объектілері тексерді. Қазір институт әдеттегідей жұмыс істеп жатыр. Бірінші және үшінші курс курсанттары емтихан тапсырады. Қазір институтта жүрген бірінші және үшінші курс курсанттардың ата-аналарына командирлер хабарласып, жағдайдың жақсы екені туралы хабар берді. Сол сияқты демалыста жүрген екінші және төртінші курс курсанттарымен де байланыс орнатылды», - деп атап өтті институттың баспасөз қызметінің бастығы майор Тұрар Жұбатов.
Осыған ұқсас сценарий бойынша Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары, сарбаздары мен офицерлері шара қабылдады. Дабыл бойынша көтерілген институт курсанттары дереу жиналып, команданы күту үшін сыртқа шықты. Әдетте ереже бойынша, институт курсанттары төтенше жағдайда халықты эвакуациялауға көмектесу үшін дағдарыс аймағына баруы керек. Ал қажетті команданы алмаған курсанттар өз орындарына оралды.
Аталмыш институттың құрылымдары бүлінбеген. Оған арнайы комиссияның тексеру қорытындысы дәлел.
«Қазір институт штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Айта кету керек, оқиға кезінде бәрі жауынгерлік әдіс бойынша нақты әрі үйлесімді әрекет етті. Курсанттар мұндай жағдайдағы іс-қимыл тәртібін жиі-жиі пысықтап тұрады», - деп атап өтті институттың баспасөз қызметінің бастығы капитан Жанар Әміржанова.
Жалпы, әскери қызметшілер мен курсанттардың нақты іс-қимыл алгоритмінің арқасында қайғылы салдарлардың алдын алуға болады.
«Оқиға бәрі ұйқыға жатып қалғаннан кейін болды. Алғашқы дүмпулер болған бетте сарбаздар дереу оянып, көшеге қауіпсіз жерге шықты. Алматы – сейсмикалық қауіпті аймақ және жер сілкінісі мұнда таңсық емес. Сондықтан, әскери қызметшілер үшін жер сілкінісі кезінде іс-қимыл жаттығулары үнемі өткізіліп тұрады. Жеке құрам мұндай жағдайға қашанда дайын», - дейді Десанттық-шабуылдау әскерлерінің баспасөз қызметінің бастығы Александра Өтепова.
Сөзін жалғай отырып, Алматыда өткен түнде үлкен көлік кептелісі болғанын қозғап өтті. Тұрғындардың бір бөлігі жер сілкінісі кезінде көлігінде болған, ал тағы бір бөлігі қала сыртына шығып кеткен.
«Негізінен жергілікті емес тұрғындар дүрбелеңге түсті. Ал Алматыда туып-өскендер мұндай жағдайда не істеу керектігін біледі», - деп атап өтті спикер.
Айта кетейік, ҚР ТЖМ мәліметі бойынша өткен түнде Алматыда қуаты 5 балл болатын дүмпулер болған. Қауіпті жер сілкінісі еліміздің үш қаласы мен бес облысында сезілген.
Нариман Дюсенов