«Туған жерді қастерлей біліңдер!»: соғыс ардагері жастарға өсиет айтты

Қарулы күштердің әскери қызметшілері соғыс ардагері Анна Котованы жүз жылдық мерейтойымен құттықтады

Sarbaz.kz редакторы
23/01/2024 - 20:13

Ұлы Отан соғысының ардагері Анна Котованы туған күнімен құттықтауға Қарағандыдағы жергілікті әскери басқару органдарының өкілдері және «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер қозғалысының тәрбиеленушілері келді. Бұл туралы Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ғасыр жасаған кейуана Қарағанды облысы Осакаров ауданының орталығында тұрады.

Анна Котова 1943 жылы 18 жасында Воронеж облысынан 2-ші Украина майданының 65-ші эвакуациялық ауруханасына жіберілді. Жас медбике келіп түскен жаралыларды түсіруге, дәрігерлерге операция кезінде көмектесуге, ине салуға және таңуға, дәрі-дәрмектер таратуға, еден жууға, пеш жылытуға, киім жууға мәжбүр болды. Оның мейірімділігі мен сенімділігінің, табандылығының арқасында ең үмітсіздер де қалпына келді. Ауыр жараланғандардың көбіне ол жылы сөзімен дәру бола білді.

– Шексіз мейіріміңіз, адал еңбегіңіз бен қажымас қайратыңыз үшін сізге алғыс айтамыз. Сіз өткен өмір жолы – нағыз патриотизмнің, жанқиярлық пен өмірге деген сүйіспеншіліктің үлгісі, – деді Осакаров ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы майор Владимир Герега.

Анна Котова жеңістен бір жыл өткен соң ғана елге оралды. 1977 жылы зейнетке шыққанға дейін Анна Никаноровна Осакаровтағы денсаулық сақтау мекемелерінде жұмыс істеді.

Құттықтаушыларға көңіл бөліп келгендері және жылы лебіздері үшін алғыс айтты.

– Туған жерді көздің қарашығындай қорғап, қастерлей біліңдер! Елімізде тыныштық пен береке-бірлік болсын, – деді ардагер.

Анна Котова даңқты еңбегі үшін II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін», «Украинаның фашистік басқыншылардан азат етілгеніне 60 жыл» медальдарымен, «Санитарлық қызметтің үздігі» белгісімен марапатталды.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85