«Халыққа ертерек хабарламалар жіберу қажет»: Әлихан Смайылов ескерту жасады

Премьер-Министр жер сілкінісінің салдарын жою жөніндегі іс-қимыл жоспарларын түзетуді тапсырды

Sarbaz.kz редакторы
23/01/2024 - 17:24

Фото: t.me/KZgovernment

Фото: t.me/KZgovernment

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс Алматыдағы жер сілкінісі бойынша ахуал қаралды. Бұл туралы Sarbaz.kz ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов 23 қаңтар сағат 00:09-да Алматыдан 264 шақырым жерде Қырғызстан мен Қытай шекарасында жер сілкінісі болғанын мәлімдеді. Нәтижесінде Алматыда 5 балл, Шымкентте 2 балл, Жамбыл облысында 2-3 балл және Жетісу облысында 4 балл болып сезілген бірқатар сейсмикалық факті тіркелді. Алдын ала мәліметтер бойынша ғимараттар мен құрылыстар қираған жоқ.

ТЖМ-де дереу республикалық жедел штаб құрылып, осындай штабтар аумақтық деңгейде жұмыс істеді. ТЖМ психологтарын тарта отырып, «жедел желі» телефондары ұйымдастырылды.

Өңірлерді азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдары жоғары дайындықта жұмыс істеді, командалық-штабтық машиналар орналастырылды, құтқару бөлімшелерінің топтары және халықты хабардар ету жүйесі – толық дайындықта.

Сейсмикалық болжау комиссиясы Алматы аумағында күшті және жойқын жер сілкіністері күтілмейтінін айтты. Осыған байланысты ТЖМ өңірлердің тұрғындарынан қорқынышқа бой алдырмай, тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұрайды.

Премьер-Министр ТЖМ-нен әкімдікке және басқа да мемлекеттік органдарға дейінгі барлық қызмет болған жағдайға ден қойғанын атап өтті.

«Қаза тапқандар жоқ, ауқымды зиян келмеді. Алайда зардап шеккендер бар. Уақытылы ақпарат алмаған адамдар нақты әрекетсіз дүрбелеңге жол берді. Олар 2, 3 қабаттардан секірген кезде зардап шекті. Бұл ескерту жүйелерін уақытылы қосып, халыққа мүмкіндігінше ертерек ақпарат беріп, хабарламалар жіберу қажет екенін көрсетті», — деді Әлихан Смайылов.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91