Сол сияқты жерленген зиратынан бір уыс топырақ тапсырылды
Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігі мен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері Латвияда қаза тапқан солдат Қалхай Сармантаевтың туыстарына оның «Ерлігі үшін» медалін, жеке заттарын және жерленген зиратынан бір уыс топырақты тапсырды. Бұл туралы Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қарағанды облысының тумасы Қалхай Сармантаев 1943 жылы майданға аттанып, 2-ші Балтық майданы 288-ші Днов атқыштар дивизиясының 1014-ші атқыштар полкінде атқыш қызмет атқарды.
– Қарағанды облысының өзінен 45 мың адам соғысқа аттанды. Ата-бабамыз соғыста батылдықтың ерен үлгісін көрсетті. Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігі батырларымызды ұмытпау үшін айтарлықтай жұмыс атқарып жүр, – деді Достық үйіндегі сарбаздың туыстарымен кездесуде Қарағанды облысындағы ҚР Қарулы күштері ардагерлер кеңесінің төрағасы запастағы полковник Амангелді Жантасов.
Atamnyn amanaty қоғамдық бірлестігінің өкілдері Қарағанды облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің көмегімен Қалхай Сармантаевтың ұрпақтарын – Бірлік пен Серік Қалқаев атты немерелерін тапты. Олар аталарының Қарағанды облысындағы Ленин совхозында басшылық қызмет атқарғанын айтады. Кезінде ол өте жақсы білім алған, өлең жазған екен. 1943 жылы майданға кеткенде артында әйелі мен үш баласы қалған. 1945 жылы қаралы қағаз келген. Қарағандылықтың Латвия үшін шайқаста қаза тапқаны туралы хабар келгенмен, жерленген жері көрсетілмеген еді.
– Атамыз Қалхай Сармантаев 1943-1944 жылдары үш рет жараланып, 1945 жылы 28 қаңтарда қаза тапқан. Өткен жылы ғана біз оның қайда жерленгенін білдік. Atamnyn Amanaty бірлестігіне ризамыз. Атамыздың қабірінен әкелінген топырақты Ақтоғайдағы зиратқа апарамыз. Атам жайлы біршама білеміз, дегенмен үлкендерден естуімізше, ол 13 жыл совхозда жұмыс істеп, 43 жасында соғысқа ерікті түрде аттанған. Артында екі қызы мен ұлы қалған, – деді сарбаздың немересі Серік Қалқаев.
Қалхай Сармантаев жеңіске небәрі үш ай қалғанда қаза тапты. 2023 жылы Латвияда іздеу жасағы далалық жорығы кезінде бауырластар зиратынан оның сүйектерін табады. Жауынгердің жеке басын «Ерлігі үшін» медалінің нөмірімен анықтады, одан бөлек өзімен бірге оның жеке заттары, яғни қасығы мен ұштағышы табылды.