ҚР СІМ қазақстандықтардың Нигерде қамауға алынғанын жоққа шығарды

Нигер елінде төңкеріс болып, әскерилер президентті биліктен тайдырғанын болатын

Sarbaz.kz редакторы
22/01/2024 - 20:59

Фото: Souleymane Ag Anara/Reuters

Фото: Souleymane Ag Anara/Reuters

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Нигер әскерилері төлқұжатын тәркілеген қазақстандықтар туралы пікір білдірді. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Біздің Қазақстанның азаматтары Нигерде қамауға алынды деген ақпарат тарап жатыр. Ол шындыққа жанаспайды. Өйткені, біздің азаматтарымыз сол елде қалып тұр, бірақ өз еркімен ары-бері жүре алады. Тек қана паспорттарын алып қойған», - деді Айбек Смадияров.

Оның айтуынша, қазір дипломаттар бұл мәселені шешуге барынша күш салып жатыр.

«Нигер астанасы Ниамей қаласында азаматтарымыздың ұсталғаны туралы ақпаратты алғаннан кейін, 9-12 қаңтар күндері Қазақстанның Мысырдағы консулы Нигер астанасына барып, онда Сыртқы істер және Ішкі істер министрліктерінің өкілдерімен, сондай-ақ, осы елдің Қарулы күштері бас штабының басшылығымен кездесулер өткізді.

Өздеріңіз білетіндей, 2023 жылдың шілдесінде бұл елде болған барлық оқиғаларға, яғни, әскери төңкеріске байланысты Нигердің мемлекеттік органдарымен өзара әрекеттесуде кейбір қиыншылықтар туындап отыр. Біздің дипломаттар Нигердің тиісті органдарына ресми сауалдар жолдады және өз құзыреті шегінде отандастырымызды Қазақстанға қайтару бойынша шаралар қабылдауда.

Сонымен қатар, біздің азаматтарымыз қамауға алынбаған, жүріп-тұруына шектеу қойылмаған, екеуі де қонақүйде тұрады. Бірақ жергілікті әскерилер олардың төлқұжаттарын тәркілеп алған. Қазір осы мәселені шешу үшін бар күшімізді салып жатырмыз», - деді Айбек Смадияров.

Айта кетейік, Нигер елінде төңкеріс болып, әскерилер президентті биліктен тайдырған болатын.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91