Қазақстан астанасында Сирия бойынша 21-ші халықаралық кездесу өтеді
Қазақстан Сириядағы дағдарысты бейбіт жолмен реттеу жөніндегі келіссөздердің кезекті раундын өткізеді. Сирия бойынша келіссөздер Қазақстанға не үшін қажет? Бұл сауалға ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров жауап берді, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Оның айтуынша, 24-25 қаңтарда Астана форматындағы кепілгер елдердің ұжымдық өтінішіне сәйкес Қазақстан астанасында Сирия бойынша 21-ші халықаралық кездесу өтеді.
Келіссөздерге Ресей, Түркия, Иран делегациялары, сондай-ақ Сирия мен Сирия оппозициясы үкіметтері қатысады. Бақылаушылар ретінде Иордания, Ирак және Ливан өкілдері қатысады деп жоспарланып отыр.
Келіссөз барысында Сирия төңірегіндегі өңірлік ахуалды дамыту, бұл елдегі гуманитарлық ахуал, Сирияны жанжалдан кейінгі қалпына келтіруге жәрдемдесу мақсатында халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін жұмылдыру сияқты мәселелер талқыланады.
«Естеріңізде болса, өткен жылы біз Астана аумағында Сирия процесі бойынша келіссөздерді тоқтаттық. Бірақ айта кетер бірнәрсе бар, кепілгер елдер бізге өтінішпен жүгінуі қажет. Уақыт өте келе ұжымдық өтініш келіп түсті, біз шешім қабылдадық», - деді А.Смадияров.
БАҚ өкілдері тарапынан келіссөздер жүргізуге қанша қаражат жұмсалатыны туралы да сауал қойылды.
«Бұл шығын сыртқы саясатқа, елдің имиджіне және еліміздің бітімгершілік, дипломатиялық әлеуетінің ашылуына қаншалықты әсер ететіндігімен салыстырғанда онша көп емес», - деп жауап берді СІМ ресми өкілі.