ҚР СІМ ресми пікір білдірді
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ресейлік тележурналист Тина Канделакидің Қазақстанға қарсы пікіріне орай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
«Көршілес елдің азаматтар біздің ел туралы мүлдем бейхабар екені қынжылтады. Өйткені біз туралы ақпараты дұрыс емес. Алдымен Қазақстанға келіп, қалай өмір сүріп жатқанымызды көрсін. Ойдан шығарып жазып, әлеуметтік желіде қырылысқанша жұмысымызды ары қарай жалғастырайық», — деді Айбек Смадияров.
Сөзін жалғай отырып, Айбек Смадияров Тина Канделакидің Қазақстанға кіре алмайтынын ашып айтты.
«Сізге біреу ұнамаса, үйіңізге кіргізбейсіз ғой. Тура сол сияқты, біз де кіргізбейміз. Керек болса, тиісті шара қабылданады. Мемлекет ондайды ешқашан кешірмейді. Ол Қазақстанға келе қоймас, келген жағдайда кірмейді», — деді Айбек Смадияров.
Айта кетейік, осыған дейін ресейлік тележурналист Тина Канделаки әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстанда орыс тілінің аясы тарылып бара жатқанын, оған мысал ретінде бірнеше теміржол стансасының атауы қазақшаланғанын айтқан болатын.