Қазақстан соңғы 10 жыл көлемінде БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына қатысып келеді
ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин қазақстандық әскери қызметшілердің БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясына қатысуы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
«Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысының қазақстандық әскери қызметшілерді БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясына қатысуға жіберу туралы ұсынысы қолдау тапты. БҰҰ-ның бітімгерлік қызметіне атсалысу – Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бөлігі. Бұл біздің соғыс пен қақтығыстардың алдын алуға қатысты бірлескен іс-әрекетке қосқан үлесіміз», - деп жазды Ерлан Қарин Telegram парақшасында.
Оның айтуынша, Қазақстан соңғы 10 жыл көлемінде БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына қатысып келеді.
«Бұл еліміздің әлем алдындағы беделін көтеруге және ұстанымын нығайтуға көмектесті. Сондай-ақ БҰҰ мен халықаралық әріптестер тарапынан зор сенімге ие болдық. Әскери қызметшілердің БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына қатысуы Қарулы Күштердің әлеуеті мен тәжірибесін арттыруға, халықаралық ынтымақтастық пен сыртқы ресурстардың артықшылықтарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Ол да — маңызды факторлардың бірі», - деп Ерлан Қарин сөзін қорытындылады.