Оның айтуынша бітімгерлік миссиясына жұмсалатын шығын Қазақстанның халықаралық деңгейдегі рөлі үшін маңызды
Парламент Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бәпи қазақстандық бітімгерлердің Таяу Шығысқа жіберілетініне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Депутат сөз басында бітімгерлердің Таяу Шығысқа жеткізілуі үлкен шығын екенін атап өтті.
«Менің білуімше, бітімгерлік миссиясына 7 млрд теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр. Бұл – тұтас миссияға арналған қаржы. Миссия басталған кезде әскерді жеткізу керек. Әскерилерді Таяу Шығысқа жеткізу – үлкен шығын. Егер ұшақпен баратын болса, жеке компанияларға жұмсалады. Сол сияқты әскери техникаларды әскери ұшақтармен ғана жеткізу қажет. Сол себепті әскерді жеткізу шығыны Қазақстанның мойнында.
Бұдан бөлек, біраз уақыттан кейін ротация болады. Яғни бітімгерлік ротаны ауыстырады. Оның уақытын мен нақты айта алмаймын. Бұл – Қорғаныс министрлігінің құзіретіндегі шаруа. Көп ұзамай тағы да әскер барады. Ол да шығын», - деді Ермұрат Бәпи.
Депутат сөз соңында бітімгерлік миссиясы Қазақстанның әлемдік аренадағы рөлі үшін маңызды екенін қозғап өтті.
«Таяу Шығыстағы бітімгерлік миссиясы – қазіргі саяси жағдайда Қазақстанның халықаралық деңгейдегі рөлі үшін, Ресейдің ықпалынан шығып, өз алдына тәуелсіз халықаралық саясат құрып жатқанының белгісі. Ал жұмсалатын шығын БҰҰ-ның бұл миссияны бізге сеніп отырғанына қарап теңгемен емес, басқа бір құндылықтармен бағалануы керек», - деді Мәжіліс депутаты.
Айта кетейік, бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қазақстандық бітімгерлер Таяу Шығысқа жіберілетінін мәлім етті.