Төтенше жағдай: Марқакөл ауданында азық-түлік пен дәрі-дәрмек тікұшақ арқылы жеткізілді

Қардың қалыңдығы кейбір елдімекенде 1,8-2 метрге жуықтаған

Sarbaz.kz редакторы
16/01/2024 - 23:51

Шығыс өңірінің Марқакөл ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Ауыл тұрғындарына азық-түлік пен дәрі-дәрмек тікұшақпен жеткізілді, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Altaynews басылымы таратқан хабарламаға сәйкес, Күршімде бір аптадан бері қар толассыз жауған. Қардың қалыңдығы кейбір елдімекенде 1,8-2 метрге жуықтаған. Оған қоса Маралды, Төсқайың және тағы бірқатар ауылдың жолы жабылып, көлік қозғалысы сап тыйылды.

Осы жағдайларды ескере отырып Күршім ауданының әкімдігі жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялап отыр.

«Облыстық көлік және автомобиль жолдары басқармасының ақпаратына сүйенсек, жолды ашуға облыс орталығынан қосымша техника жөнелтілді. Қазіргі уақытта 24 арнайы техниканы қар күруде. Төтенше жағдайлар департаментінің жоғары өтпелі техникасы да жолға шықты. Қарлы боран мамандарға қол байлау болып жатқанын айту керек», - делінген хабарламада.

Маралды және Төсқайын ауылдық округтері мектептерінің оқушылары 8 қаңтардан бастап қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылды.

«Қолайлы ауа райы жағдайлары белгіленгеннен кейін, 16 қаңтарда ауылдық округтердің тұрғындарына қажетті азық-түлік пен дәрілік заттарды жеткізу үшін тікұшақ жіберілді», - делінген хабарламада.

Жағдай жергілікті атқарушы органдардың бақылауына алынды.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91